Төрткүл дүние көз тіккен Париж Олимпиадасының ашылу салтанатына бірер сағат қалғанда Ulysmedia ұжымы Париждің Сен-Дени ауданындағы спортшыларға арналған Олимпиада ауылын аралап үлгерді.
Париж орталығынан 10 километр қашықтықта орналасқан Олимпиада ауылында спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ мамандар тұрады. Барлығы емес, себебі кейбір спорт түрлерінің өкілдері, әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздар ұсынылған жағдайға көңілі толмай мұнда орналасудан бас тартқан. Олардың көбісі теннисшілер мен баскетболшылар екен. Әлемнің әр түпкірінен келген спорт делегацияларының демалып, тынығуына мүмкіндік беретін Олимпиада ауылында шамамен 14 500 қонақ қоныстанса, ал Паралимпиада ойындарында 9000 адам тұратын болады.
Қазақ ауылы
Қазақстан делегациясы Оңтүстік Африка және Тунис елдерімен бірге бір ғимаратта тұрады. Ғимарат сыртында және ішінде көк ту мен оюмен әрленген қабырға, есіктерде жазулар бар. Бірінші қабатта штаб және медициналық кабинет жұмыс істеп тұр.
Сыртқа шыққанда оң жақтан Өзбекстан делегациясының ғимаратын, ал сол жақтан АҚШ Олимпиада ауылын көруге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша ең үлкен әрі ең көп спортшысы бар делегация АҚШ құрамасы (500-ден астам).
Басқа не бар?
Мұнда спорт залы, демалыс аймағы, сұлулық салоны, құлшылық жасайтын бөлмелер және заманауи үлгіде жабдықталған медициналық орталық пен үлкен асхана бар. Өкінішке орай журналистерді спортшылар тамақтанатын жерге кіргізбеді. Алайда тамақтану туралы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбайдан сұраған едік:
ХОК мәзірді жергілікті диетолог аспаздармен бірлесе отырып дайындады. Тамақтану кезіндегі әрбір ерекшеліктер назарға алынды. Спортшылар көбірек жайғасқан сайын, секторлар да ашыла түседі. Азиялық, еуропалық, италиялық және халал секторлар ашық. Салмақ кезінде мәселе болмауы үшін мәзірде калорияға дейін жазылған. Бәрі ескерілген. Кейде спортшыларға тамақ жетіспей қалған сәттер бар дегенді естіп жатырмыз. Бірақ көп күттірмей жаңасын әкеліп жатыр. Сондай-ақ спортшыларымыздың командасы Қазақстаннан өздерінің үнемі қолданып жүрген тамақтарын әкелген. Мысалы, қазы.
Ұйықтайтын бөлмеге шолу
Олимпиада қалашығының ұйымдастырушылары қонақтарды қабылдауға толық дайынбыз деп әлемге жар салған. Жаңадан салынған ғимараттың жатын қабаттарында ұзын корридор бар. Бөлмелер екі жақта орналасқан. Кейбір екі немесе үш бөлмеге бір есіктен кіруге болады. Тұрып жатқандардың кейбірі жатын орынға көңілдері толмайтынын жеткізді. Кейбіреулері жататын төсектің картон қағаздан жасалғанын көрсетсе, кейбір спортшылар бөлмеде кондиционердің жоқтығын айтып, шағымданды.
Экологияны қорғау, қалдықсыз іс-шара
Париж Олимпиадасы басқа әлемдік жарыстарға қарағанда эко қозғалысты жақсы дәріптеген. Жоғарыда айтқанда төсектер картоннан құрастырылған, орындық және басқа да тұрмыстық жиһаздар қайта өңдеуге болатын картон қағаздардан жасалған. Қоқыс сұрыптау мекендері бөлменің және ғимараттың әрбір бұрышында бар. Олимпиаданың демеушісі Кока Кола компаниясының бастамасымен спортшылар ауылында пластиксіз ыдыспен су ішетін құрылғылар орнатылған. Ауыл территориясындағы транспорт түрлері: электромобиль, велисопед және самокат.
Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы жолдама алды. XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде – 11 тамыз аралығында, олар аяқталған соң, 28 тамыз – 8 қыркүйек аралығында спорттық ареналарда Паралимпиада ойындары өтеді.