×

Спорт министрінің спортшылардың діншілдігіне көзқарасы қандай

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "спортшылардың діншілдігіне көзқарасыңыз қандай" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

Бүгін, 14:59
Спорт министрінің спортшылардың діншілдігіне көзқарасы қандай
Ulysmedia коллажы

МЫРЗАБОСЫНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет отырысынан кейін журналистердің бірі министрден “Олимпиада болсын, чемпионат болсын спортшылар жеңсе де, жеңілмесе де, Алланың қалауымен жеңдім немесе жеңілдім деп жатады, спортшылардың діншілдігіне байланысты үлкен бір теріс көзқарастар айтылады, олардың дін мәселесін көбірек айтуы дұрыс емес дейді. Спортшылардың діншілдігіне көзқарасыңыз қандай?” деп сұрады.

Ербол Мырзабосынов бұл сұраққа берген жауабында дін мәселесі бойынша арнайы жол картасы әзірленгенін, сол бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айтты. 

Бүгінгі таңда арнайы ұйымдардан мамандарды тартып, спортшылармен де жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Әр федерация бұған жауапты. Өзінің құрамасымен жұмыс атқарады. Қазір жол картасы аясында дін мәселесі бойынша жұмысты атқарып жатырмыз, – дейді министр.

“БІЗДЕ ТІЗІМІ БАР”

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев бұған дейін мәжіліс қарауында жатқан Спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормалар енгізілгенін мәлім еткен еді. Аталған мәселе мәжілісте спорт мәселесі талқыланған кезде көтерілген. Депутат Жигули Дайрабаев кейбір спортшылардың сақалының өсіп кеткенін сынға алған. Ол дінге берілсе, «олар мешітке барып намаз оқысын» деп те өткір айтты.

Оның бұл сынына Серік Жарасбаев жауап берді.

Қазіргі таңда көптеген спорт түрлерінде өзіңіз айтып отырғандай, діннің қате ағымына кетіп қалған спортшыларымыз бар, өкінішке қарай. Оны білеміз, тізімі бар. Спорт туралы заң жобасына терроризм мен эктремизмге қарсы нормаларды енгізіп отырмыз. Оны депутаттар қолдады», – деді Жарасбаев.

БАС МҮФТИДІҢ АЙТҚАНЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұған дейін Атырауда өткен ғылыми конференцияда қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше, экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет. “Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес” дейді ол. "Қазақ дінсіз болған" деген сынды шала түсініктегілер елімізді Ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келетінін атап өтеді. Наурызбай Тағанұлының айтуынша, жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару сынды көздеген мақсаттары болады.

Қоғам белсендісі, баспагер Шыңғыс Мұқан "сақал қойған" спортшыларды сынап, қоғамға үндеу тастаған болатын. "Публикаға алып шығатын адамдардың, елдің атынан жарысқа қатысатындардың жүріс-тұрысы мен үсті-басына мән бергені жөн" деп жазады ол.

Новости партнеров