«Болашақтың ойындары» турнирін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекция құрылды, деп хабарлайды Ulyssport. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
«Болашақтың ойындарын» дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің тапсырмасына сәйкес, «Қазспортинвест» акционерлік қоғамы базасында мамандандырылған Дирекция құрылды. 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін ұйымдастыру және өткізу дирекцияның басты міндеті.
Министрліктің сөзіне сәйкес, іс-шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 13 қазанда Дубайда өткен ресми рәсімде Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді.