2025 жылы Харбинде өтетін Қысқы Азия ойындары қарсаңында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қазақстандық суретші Әйгерім Кәрібаевамен бірлесе отырып, еліміздің спортшыларын қолдауға бағытталған бірегей иллюстрация жасады, деп хабарлайды Ulyssport порталы ҰОК-ға сілтеме жасап.
Иллюстрацияда қысқы спорт түрлері – шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, конькимен жүгіру және шаңғы спорты авторлық стильде бейнеленген. Жұмыс этно-модерн стилінде орындалып, ұлттық дәстүрлер мен заманауи өнер үйлесім тапқан.
«Иллюстрацияны жасау барысында әр спорт түрінің ерекшеліктерін бөлек көрсеткім келді, бірақ олар біртұтас композиция ретінде көрінуі керек еді. Әр спорт түрінің ерекшеліктерін байқап, олардың барлығын байланыстыратын стилистиканы табуға тырыстым. Әр кейіпкердің өзіндік ерекше киім үлгісін ойлап таптым. Бұл иллюстрация тек әдемі ғана емес, сонымен қатар қазақ елінің ұлттық ерекшеліктерін бейнелейді. Сондықтан ұлттық ою-өрнек, көк және көгілдір түстердің реңктері қолданылды. Нәтижесі көңілімнен шықты деп ойлаймын», – деді Әйгерім Кәрібаева.
«Бұл иллюстрация арқылы біз спортшыларымызға қолдау білдіруді ғана емес, сонымен қатар спорт пен өнердің көп ұқсастығы бар екенін көрсеткіміз келді. Екеуі де адамдарды біріктіре алады. Көпсалалы жарыстар тек спорттық шара ғана емес, сонымен бірге мәдениет тоғысқан үлкен оқиға. Әртүрлі елдерден келген спортшылар мен делегациялар өзара танысып, қарым-қатынас орнатады. Біз жасаған иллюстрация қазақстандық спорт туралы ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетіміздің ерекшелігін де көрсетеді», – деп атап өтті Қазақстан ҰОК-нің PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шүкенова.
Еске сала кетейік, Харбиндегі Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында өтеді. Қазақстан биатлон, керлинг, ски-альпинизм, хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, фристайл-акробатика, тау шаңғысы және мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді.