Бүгін бокстан Париж Олимпиадасының алғашқы күнінде 63,5 келідегі отандасымыз жарысты бастайды, деп хабарлайды Ulyssport.kz
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының ең жас боксшысы әрі Париж Олимпиадасына ең соңғы жолдаманы жеңіп алған 63,5 келідегі Мұхамедсабыр бірінші болып рингке шығады. Оның 1/16 финалдағы алғашқы қарсыласы - Ойер Ибаречче (Испания).
Ересектер арасында бұл боксшы 2 мәрте қазақ спортшысымен жұдырықтасқан. 2023 жылы ақпан айында Болгарияда өткен «Странджа» халықаралық турнирінде жерлесіміз Ертуған Зейнуллинов бірінші айналымда Ойер Ибареччемен жолы түйісті. Нәтижесінде Ертуған екінші раундта қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Ал 2023 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында 63,5 келідегі Өзбекстан атынан сынға түсетін қазақ боксшысы Руслан Абдуллаев 1/16 финалда Испания өкілін бірінші раундта-ақ мерзімінен бұрын басым түсті.
Испания құрамасы 63,5 келіде Ойер Ибареччеге бірден сенім артпады. Әуелі 2023 жылы Еуропа ойындарында Адриан Тиам (Испания) бірінші кезеңде Грузия боксшысы Лаша Гурулиге жол берді. 2024 жылы Бусто-Арсициодағы әлемдік іріктеу кезеңінде Сальвадор Флорес (Испания) бастапқы екі қарсыласын жеңгенімен, Молдова боксшысы Александру Парашивке есе жіберді. Тек Бангкоктегі шешуші әлемдік іріктеуде Ойер Ибаречче мүмкіндік берілді. Спортшы жарыс жолында Израиль, Иран, Дания, АҚШ өкілдерін жеңіп кетті.
Бұл жекпе-жекті бүгін түнгі 00:50-де «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.