IBF және WBA нұсқалары бойынша орта салмақтағы Біріккен чемпион қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) әйгілі мексикалық боксшы Сауль Канело Альвареспен (62-2, 39 КО) жекпе-жек өткізу үшін Riyadh Season басшысы Турки Аль аш-Шейхке өтініш айтты, деп хабарлайды Ulyssport.
Жақында Канело Аль аш-Шейхпен ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойды. Келісім құжатқа сәйкес ол төрт жекпе-жек өткізеді. Мексикалық боксшының қарсыластары әзірге анықталған жоқ. Осы орайда Жәнібек Әлімханұлы даңқты спортшымен шаршы алаңға шығатын төртеудің бірі болуға ниет білдірді.
Турки Аль аш-Шейх, қыркүйек айында Канело екеуіміздің жекпе-жекті өткізейік, - деп жазды қазақстандық боксшы Х-те.
Жәнібек Әлімханұлы биыл 5 сәуірде Астанада француз Эммануэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) рингке шығып, өзінің титулдарын қорғауға тиіс. Ал Канело 3 мамырда Эр-Риядта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін кубалық Уильям Скаламмен (23-0, 9 КО) жұдырықтасады.
Естеріңізге сала кетейік, Альварес екінші орта салмақтағы WBC, WBA және WBO белбеулерінің қазіргі иегері.