×

Азиада-2025: Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлаған хоккейшілерді Астана әуежайынан қарсы алды

Бүгін, 16 ақпанда Қытайдың Харбин қаласынан абыроймен оралған шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының ерлер және әйелдер командаларын Астана әуежайында жанкүйерлері құрмет-қошеметпен қарсы алды. деп хабарлайды Ulyssport.

16.02.2025, 09:55
Азиада-2025: Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлаған хоккейшілерді Астана әуежайынан қарсы алды
Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

Көрші Қытай елінде өткен Азиада-2025 дүбірлі додасында алтын және күміс медаль иеленген хоккейші қыз-жігіттерге ұшақ бортында да құрмет көрсетілді.

Әуе кемесі Астана әуежайына қонған сәтте құшағы гүлге толған қалың жанкүйер спортшыларды әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төгіп, шашу шашып қарсы алды.

Қуанышы қойнына сыймаған хокейшілердің туған-туыстары мен жақындары жалынды сөздер жазылған шағын плакаттар ұстап келіпті.

Ақ тілектер ағыл-тегіл ақтарылып, спортшылар қазақтың ұлттық тағамы – қымыз бен бауырсақтан дәм татты.

Естеріңізге сала кетсек, шайбалы хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы өз тарихында тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Ал еліміздің ерлер құрамасы финалда жапониялық хоккейшілерді 5:0 есебімен күйрете жеңіп, Азияда-2025 байрақты бәсекесінің чемпионы атынды.

Харбинде өткен биылғы Азия ойындарында ұлттық құрама 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медальмен жалпыкомандалық есепте үздік төрттікке енді.

Новости партнеров