Солтүстік Қазақстан облысында хоккейге 3,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр, деп хабарлайды Ulyssport КазТаг-қа сілтеме жасап.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы лоттың сипаттамасында: «Тапсырыс беруші – «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі; атауы – спорт клубтарының қызметі; қосымша сипаттама — Солтүстік Қазақстан облысының атынан 2025-2027 жылдарға арналған шайбалы хоккейден республикалық және халықаралық жарыстарға хоккей бойынша командаларды даярлау және олардың қатысуы жөніндегі қызметтер; бағасы Т964 470 000», – деп жазылған.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді алдын ала қабылдау 19 ақпанда басталып, 26 ақпанға дейін жалғасады.
Алайда бұл жалғыз хабарландыру емес. СҚО әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы тағы бір хабарландыру жариялаған, онда өтінімдерді қабылдау 12 ақпанда басталып, 18 ақпанға дейін жалғасады деп жазылған. Екінші хабарландыру бойынша шенеуніктер Т2 668 536 000 хоккейге жұмсауды көздеп отыр.
Осылайша облыстық әкімдік жиыны 3,633 млрд теңгені хоккейге жұмсамақшы.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджетті толық үнемдеу және экономикалық тоқыраудың алдын алу үшін шығыстарды қатаң бақылауды енгізу қажеттігін айтқан.