2029 жылғы Х қысқы Азия ойындары Сауд Арабиясында өтеді, деп хабарлайды Ulyssport.
Сауд Арабиясы 2029 жылы өтетін Х қысқы Азия ойындарының ұйымдастырушысы болып таңдалды. Бұл шешім 2022 жылы Камбоджада өткен Азия Олимпиадалық кеңесінің Бас ассамблеясында қабылданған.
Жарыстар Троджена тау-шаңғы курортында өтеді. Бұл курорт қазіргі уақытта салынып жатқан ауқымды әрі қымбат Неом жобасының бір бөлігіне айналады. Айта кетейік, Троджена Парсы шығанағындағы алғашқы төмен температуралы тау-шаңғы курорты болмақ. Онда ашық қарлы беткейлер қарастырылған. Алдағы Азия ойындарының өткізу орны жарыс басталғанға дейін бірнеше жыл бұрын толықтай дайын болады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясы спортшылары осы жылы алғаш рет қысқы Азия ойындарына қатысты. Харбинде өткен жарыстарда олар тау шаңғысы және керлинг бойынша сынға түсті.
Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындары тек төрт елде ғана ұйымдастырылған. Жапония бұл мультиспорттық шараны төрт рет өткізсе, Қытай – үш рет қабылдаған. Ал Қазақстан мен Оңтүстік Корея Азия ойындарын бір реттен ұйымдастырған.