Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында шорт-тректен 1 алтын, 2 күміс медаль және Италиядағы Әлем кубогінде қола медаль жеңіп алған ұлттық құрама спортшылары елордаға келді, деп хабарлайды Ulyssport.
Астана қаласының халықаралық әуежайынан оларды министрлік өкілдері, туыстары, жанкүйерлер, федерация өкілдері мен журналистер ыстық ықыласпен күтіп алды.
Азия ойындарындағы жеңістен кейін құрамамыз бірден Италияға аттанып, Миланда өткен Әлем кубогі кезеңіне қатысты. 5000 метрлік эстафетада Қазақстан шорт-трекшілері қола медаль иеленді. Финалда Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Денис Никиша және Мерсаид Жақсыбаев сынға түсті. Бұл – шорт-тректен 2024-2025 жылдар аралығында ұйымдастырылып жатқан Әлемдік тур кезеңіндегі екінші жүлдеміз. Бұған дейін 2024 жылдың желтоқсанында әйелдер құрамасы 3 000 метрлік қашықтықта қола медальді жеңіп алған.
Миландағы жарқын жетістік – Харбиндегі жеңістің жалғасы. IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 5000 метрлік эстафетада алтын медаль олжалап, өздерінің аймақтағы үздік команда екенін дәлелдеген болатын.
Азия ойындарындағы жеңіс те, Әлем кубогіндегі жүлде де – ұлттық құраманың жоғары деңгейін, жүйелі дайындығы мен шорт-тректегі әлемдік бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.