×

Испания мен Сербияда өткен жарыстың нәтижелері және фавориттердің сүрінуі

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық жарыстарын өткізді. Испания мен Сербияда өткен турнирге кімдер қатысты және нәтижелері қандай? Бұл сұраққа ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жауап берді, деп хабарлайды Ulyssport Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

18.02.2025, 16:36
Испания мен Сербияда өткен жарыстың нәтижелері және фавориттердің сүрінуі
Фото: ҰОК

2024 жылғы Азия чемпионатынан кейін ел чемпионаты өтті. Қарағандыда өткен бәсекеде жас спортшыларға мүмкіндік берген болатынбыз. Нәтижесінде Испанияның Аликанте қаласында өткен Boxam Elite-2025 турнирде Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері көз түсті.

Бұл жарысқа негізінен 3-4 нөмірлі боксшылар қатысқан болатын. Мысалы 48 келі салмақта Нұрзат Оңғаров, сондай-ақ осы салмақ дәрежесінде Ернар Қарап деген спортшымыз өнер көрсетті. Екі қазақстандықта финалға шығып, өзара алтын медаль үшін күрескен болатын. Бұндай жағдай ішкі чемпионатта болған еді, қос спортшы жартылай финалда кездескен. Нәтижесінде екі кездесуде де Нұрзат басым түсті.

Дәл осындай сценарий 54 келі салмақ дәрежесінде де қайталанды. Бұл жерде Бағлан Кенжебек пен Ақтілек Орынбасар өзара қолғап түйістіріп, Бағлан чемпион атанды. Ақтілек ішкі чемпионаттан кейін халықаралық турнирде жақсы қырынан танылды.

Жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсеткендер қатарында Ерхан Тұрдан (57 келі) бар. Алайда 63,5 келі салмақ дәрежесінде Алмат Әбдуәлі мен 60 келіде өнер көрсеткен Бейбарыс Жексенді қатардан алып тастауға болмайды. Сонымен қатар 71 келі салмақ дәрежесінде Дархан Дүйсебай финалда ағылшындық Патрик Хэвитпен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Дей тұрғанмен фаворит саналған 67 келі салмақтағы Дулат Бекбауов пен 75 келі салмақтағы Диас Молжігітов қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл жігіттерден алтын медаль күткен едік.

Енді жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан бірінші орын алды. Негізінен халықаралық жарысқа 17 команда қатысқан.

Сербиядағы турнирге де жас боксшыларды жіберген болатынбыз. Бұл жарыс олар үшін тәжірибе жинау мақсатында керемет мүмкіндік болды. Аталмыш додада боксшыларымыз жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетті. Сегіз спортшымыз чемпион атанды.

Бұл турнирде де жалпыкомандалық есепте көш бастадық. Жарыстың жеңімпаздарын айтар болсақ, 75 келі салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы Санжарәлі Бегалиев бірінші орынды иеленді. Бұл тізімді ары қарай Нұрғиса Тұрабеков (48 келі), Рамазан Нұрлыбаев (51 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (57 келі), Жансері Көшербаев (60 келі), Нұрбек Мұрсал (71 келі), Дәурен Мамыр (86 келі), Нұрасыл Асылхан (+92 келі) жалғастырды. Тек Бекзат Мақжан 63,5 келі салмақта қола медальді қанағат тұтты. Бұл спортшыға аздаған тәжірибе жетіспеді.

Ал өз кезегінде жоғары техникалы боксты көрсете білген Нұрбек Мұрсал жарыстың үздік боксшысы атағын иеленді. Бұл екі жарысты қорытындылай келе, бізде жақсы қосалқы құрам бар. Әрмен қарай даму жұмыстарын жүргіземіз.

Біріккен оқу-жаттығу жиыны туралы

Болгарияның София қаласында біріккен оқу-жаттығу жиыны 10-23 ақпан аралығында өтеді. Таңертең әр команда бөлек дайындалса, ал кешкі уақытта бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз.

Дайындыққа Бразилия, Болгария, Ирландия, Италия құрамасының боксшылары қатысып жатыр. Соның ішінде әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері, Еуропа чемпиондары өзара тәжірибе алмасуда. Оқу-жаттығу жиыны өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жарыс 24 ақпанда басталады, ал финалдық бәсекелер 2 наурызда өтеді.

Енді бұл “Странджа” кубогы кіші әлем чемпионаты деп аталып кеткен турнир. Бұл додаға бірінші және екінші нөмірлі Азия чемпиондарын, Қазақстан чемпионатының жүлдегерлерін жіберіп отырмыз. Барлық спортшыдан медаль күтуге болады. Жігіттердің физикалық және техникалық дайындықтары мықты.

Кішігірім әлем чемпионатынан кейінгі жоспар туралы

Бұдан кейін Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жиынға Ресейдің, Өзбекстанның, Әзірбайжанның, Беларусьтың 1-2 нөмірлі боксшылары қатысады. Бір құрамамыз Бразилияда өтетін Әлем кубогына аттанады.

Одан бөлек тағы бір құрамамыз Әзірбайжан мен Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Кейіннен “Жібек жолы” атты ірі халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Сондай-ақ 13-27 наурыз аралығында Жапония мен Корея мемлекеттерінің қатысуымен жаттығу жиыны өтеді. Ал Ресейде дайындалып жатқан спортшылар Хабаровскіде өтетін жарысқа қатысады.

Новости партнеров