×

Асу Алмабаев тарихи жекпе-жекте жеңіліп қалды

Қазақстандық файтер Асу Алмабаев (21-2) АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC Fight Night 253 турнирінде басты жекпе-жегінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды Ulyssport.

02.03.2025, 08:30
Асу Алмабаев тарихи жекпе-жекте жеңіліп қалды
Видеодан алынған кадр

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жеткен жоқ. Асудың қарсыласы шыққан тегі анголалық Манел Капе үшінші раундта ширақ қимылдап, белсенділік байқатты. Қос файтердің алма-кезек жұмсаған соққылары діттеген жеріне дөп тиіп, жанкүйерлер делебесін қоздырды. Осындай соққы алмасу кезінде Капе қарсыласының көзін шұқып алды. Қазақстандық спортшы бірден тайм-аут сұрады, бірақ төреші жекпе-жекті тоқтатпады. Капенің де күткені сол болса керек, шабуылды үдетіп, бірнеше жауапсыз соққы жұмсап үлгерді. Төреші жекпе-жекті тоқтатты. Техникалық нокаут.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Сөйтіп, Асу Алмабаев UFC-де алғаш рет жеңіліп, өзінің 17 жеңістен тұратын сериясын тоқтатты. Жалпы, 31 жастағы қазақстандық спортшы аралас жекпе-жектегі (ММА)  мәнсабында 21 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, үш рет жеңілген.  

Ангола елінің тумасы Манел Капе (20-7) UFC-де өткізген 8 жекпе-жегінің бесеуінде жеңіске жетіп, үш рет жеңілген. Соңғы жекпе-жегінде ол Бруно Силваны (14-6-2) нокаутпен жеңген.

Айта кетейік, Асу Алмабаевтың бұл жекпе-жегін тарихи деп атауға болады. Өйткені ол – UFC шоуының ең басты кездесуінде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ спортшысы.

Новости партнеров