Австрия төрінде өтіп жатқан әлемдік Гран-при бәсекесінде қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақынова алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Финалдық белдесуде ол Жапония елінің өкілі Сачио Ешиноны қапы қалдырды. Жалпы, бұл белдесу аса тартысты жағдайда өтті деуге әбден болады. Басында Әбужақынова қарсыласынан ұпай санымен жеңіліп жатқан. Бірақ намысқа тырысып соңына дейін күрескен қазақ спортшысы белдесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда камбэк жасап, жеңісті жұлып алды.
Ол 48 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Финалда Әбужақынова жапон қызы Сачио Ешинодан басым түсті, – деп жазды Ұлттық олимпиада комитеті.
Шешуші сынға дейін қазақстандық татами шебері жартылай финалда нидерландтық Амбер Херсьестен басым түссе, ширек финалда жарыс қожайыны, австриялық Жаклин Спрингерді жеңген.
Жалпы, Австрияның Линц қаласында жалауы желбіреген әлемдік Гран-приде барлығы 52 елден 416 спортшы бақ сынап жатыр.
Абиба Әюужақынова өзінің спорттық мансабында Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2021, 2022), жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері (2022), Әлем чемпионатының екі дүркін қола медаль иегері (2022, 2024) атанған.