×

Әлем кубогындағы Хамитовтың кезекті триумфы

Швецияның Турсбю қаласында өтіп жатқан IBU Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық спортшы Ербол Хамитов парабиатлон сайысында топ жарып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Ulyssport Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

09.03.2025, 08:22
Әлем кубогындағы Хамитовтың кезекті триумфы
Фото: ҚР ТСМ Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дүбірлі додада 7,5 шақырымдық спринтерлік жарыста (отырып жарысу) сынға түскен Хамитов белгіленген қашықтықты 19 минут 38 секундта бағындырып, ең үздік нәтиже көрсетті. Бұл қазақстандық парабиатлоншының биыл алған алғашқы жүлдесі емес және соңғысы да болмайды деп үміттенеміз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ол, 9 ақпанда Словенияда өткен парабиатлоннан Әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, осы спорт түрінен Қазақстан тарихындағы тұңғыш чемпион атанды. Сондай-ақ 6 наурызда Норвегияда жалауы желбіреген парашаңғы жарысынан Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

АУЫР ДА АБЫРОЙЛЫ ЖОЛ

Ербол Хамитов бала күнінен спортпен шұғылданған және болашақта осы саланың кәсіби маманы болуды ойлаған. Өкінішке қарай 19 жасында оның бір аяғына оқ тиіп, тізеден төмен кесілген. Бірақ Ербол жасыған жоқ, керісінше күш-жігерін бойына жиып, спортпен тиянақты айналыса бастады. Нәтижесінде 2017 жылы греплингтен Қазақстан Республикасының кубогында жүлдегер атанды. 2023 жылы ол парашаңғыдан әлем чемпионы атағын жеңіп алды.  

Новости партнеров