Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» футбол клубының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің жалақысын жария етіп, белгілі экс-футболшы Клод Макелеленің команда тәлімгері лауазымына сәтсіз тағайындалғаны туралы айтты, деп хабарлайды Ulyssport KazFootball.kz-ке сілтеме жасап.
ДӘЙЕКСӨЗ
Бізге «батпаққа белшеден батқан» команда қалды. Футболшылардың орташа жалақысы 15 млн теңге. Екі жылдық келісімшарттары бар және олар УЕФА-да тіркелген. Егер біз олармен келісімшартты бұзсақ, айыппұл төлейміз. Асхат Тағыберген енді ойнай алмайды, кеткісі де келмейді, отырады. Ашық айтамын, жалақысы 20 млн теңге. Мен бұл жағдайда ештеңе істей алмаймын.
Андрей Мартин – өте мықты бапкер. Шынтуайтында, Клод Макелеле «Ордабасының» бас бапкері болғысы келді және дайын еді. Барлығы келісілді, бірақ соңында мен бас тарттым. Мған аты бар, бірақ қолынан іс келмейтін адам керек? - деді Сыздықбеков.
Айта кетейік, бұған дейін француздың даңқты футболшысы, 52 жастағы Клод Макелеле шымкенттік “Ордабасы” клубын жаттықтыруға келіскен. Бірақ соңғы сәтте “Ордабасы” шетелдік маманның қызметінен бас тартты.