UFC-дің бұрынғы чемпионы, ирландиялық файтер Конор Макгрегор Ирландия үкіметін елдегі көші-қон саясатына қатысты ұстанымы үшін сынға алды, деп хабарлайды Ulyssport.
МАКГРЕГОР ИРЛАНДИЯ БИЛІГІНЕ НЕ ҮШІН ШҮЙЛІКТІ
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге әйгілі ирландиялық ММА жауынгері, UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегорды шақырған. Спортшы Трамппен кездесіп, журналистер алдында сөз сөйледі. Баспасөз мәслихаты барысында Макгрегор Ирландияның көші-қон саясатын қатты сынға алып, ел өзінің ұлттық бірегейлігін жоғалту қаупінде тұрғанын айтты.
Мен мұнда Ирландия халқы тап болып отырған мәселелерді көтеру үшін келдім. Ирландиялықтар үшін бұл маңызды жаңалық, өйткені біздің басты проблемаларымыз ешқашан осындай жоғары деңгейде талқыланған емес. Біздің үкімет көптен бері ирландиялықтардың үнін елемей келеді. Енді Америка Ирландияда не болып жатқанын білуі керек. Ирландиядағы жағдай – масқара. Біздің үкімет – ешқандай әрекет етпейтін, ешқандай жауапкершілік алмайтын үкімет, – деп мәлімдеді МакГрегор журналистермен кездесуінде.
Оның айтуынша, елдің қаржысы ирландиялықтарға еш қатысы жоқ шетелдік мәселелерді шешуге жұмсалған.
Заңсыз иммиграция елді күйретіп кетті. Ирландияда бір сәтте басып алынған және азшылыққа айналған ауылдық қалалар бар. Сондықтан бұл мәселелерді шешу қажет. Мен бұған 40 миллион ирландиялық америкалықтың құлақ түргенін қалаймын, өйткені бұлай жалғаса берсе, олардың туған жеріне оралып, басқа елдерді аралауға мүмкіндігі қалмайды. Ирландия өзінің ұлттық болмысын жоғалту қаупінің алдында тұр, және мен осы мәселені көтеріп, оған назар аудартуға келдім, – деді Макгрегор.
СПОРТШЫҒА ЖАУАП
Өз кезегінде Ирландияның премьер-министрі Майкл Мартин бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, Макгрегордың сөзі шынайы жағдайды көрсетпейтінін атап өтті. Ол Әулие Патрик күнінің бүкіл әлемде бірлік, ізгілік және достық қарым-қатынастың символы екенін еске салып, мұндай пікірлер бұл мерекенің рухына қайшы келетінін айтты.