Бокстан Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Біздің спортшылар үш алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, Назым Қызайбай отандық бокстың тарихына өз атын алтын әріппен жазды, деп хабарлайды Ulyssport Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық құрама тек осы маусымға ғана емес, 2028 жылғы Олимпиада ойындарына да қарқынды дайындалуда. Бұл туралы бас бапкер Елдос Сайдалин қаңтар айында өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде мәлімдеді. Жаттығу орталығының басты ерекшелігі – әртүрлі жастағы спортшыларға бір алаңда жаттығуға рұқсат етілген.
"Біз қазірдің өзінде 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты бастадық. Әртүрлі құраммен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бұл болашақ Олимпиадаға әр жас санатынан үміткерлер болатынын білдіреді. Жас спортшылар тәжірибелі боксшылардан үйренсе, тәжірибелі спортшылар жастардың талпынысынан шабыт алады. Бұл команданың жалпы деңгейіне оң әсерін тигізеді.
Спортшылар мен жаттықтырушылардың ынтасы мен талпынысы өте жоғары. Біз маусымды жақсы қарқында бастап, 2025 жыл жемісті болады деп үміттенеміз," – деп атап өтті Сайдалин.
Өткен әлем чемпионатындағы жетістіктер бапкерлердің еңбегінің жемісті екенін көрсетті. Жарысқа соңғы жылдардағы көшбасшылармен қатар, әлемдік біріншілікте алғаш рет бақ сынаған боксшылар да қатысты. Олардың көбісі чемпионатты жүлдемен аяқтады.
Мәселен, Аида Әбікеева алғашқы әлем чемпионатында бірден алтын медаль иеленді. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова күміс жүлдегер атанса, Наталья Богданова қола медаль жеңіп алды.
Тәжірибелі боксшы Назым Қызайбай Сербиядағы чемпионатта өзінің шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол үшінші рет әлем чемпионы атанып, Қазақстан әуесқой боксының тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар спортшының әлеуеті жоғары деңгейде. Алдағы олимпиадалық маусымға дайын екендігін көрсетті.
Алуа Балқыбекова да алтын медаль жеңіп алып, өз мансабындағы ең үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін ол 2022 жылы – күміс, 2023 жылы – қола жүлдегер атанған болатын. Айта кету керек, финалда жеңіске жеткен барлық қазақстандық спортшылар керемет өнер көрсетті. Бүкіл турнир барысында олардың дайындығына, физикалық және техникалық деңгейіне күмән тудыратын бірде-бір жекпе-жек болған жоқ.
Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова финалда аз ғана басымдықпен қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлде иеленді. Елдос Сайдалин бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, кейбір қателіктердің кеткенін және оларды алдағы уақытта түзету қажет екенін атап өтті.
Надежда Рябецтің бокска қайта оралуын атап өткен жөн. Ол бұған дейін спорттық мансабын аяқтағанын хабарлаған еді. Алайда, 2024 жылдың соңында үлкен спортқа қайта оралып, Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Әлем чемпионатында Рябец ширек финалға дейін жетіп, сербиялық Николина Гаичтен 1:4 есебімен жеңілді. Дегенмен, ол өзінің бұрынғы спорттық бабына қайта оралып келе жатқанын көрсетті. Қазақстан чемпионатында 81 келі салмақта сынға түскен Рябец, әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасты.
Қазақстан әйелдер құрамасы Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен әлемдік деңгейде өз күшін дәлелдеді. Алда әлі көптеген жарыс бар. Бірақ отандастарымыздың осы чемпионаттағы өнері үлкен үміт сыйлады. Қазақстандық спортшылар жоғары шеберлік, мықты физикалық дайындық және жеңіске деген құлшынысын көрсетті.
"Команда өте жақсы өнер көрсетті. Назым – үш дүркін әлем чемпионы. Балқыбекова мен Әбікеева алғаш рет әлем чемпионатының алтын медаль иегерлері атанды. Өкінішке қарай, екі финалда жеңіліс таптық. Алдағы күндері қателікпен жұмыс жасаймыз.
Біз бұдан да мықты боламыз. Қазір біздің құрам өте мықты. Жас буын өсіп келе жатыр. Біз тек көшбасшыларды ғана емес, екінші, үшінші, төртінші нөмірлі боксшыларды да шыңдаймыз.
Болашақта ең мықты құрамалардың бірі болатынымызға сенемін. Алда бізді үлкен жұмыс пен тығыз жарыс кестесі күтіп тұр," – деді Елдос Сайдалин.