Сербияның Нише қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында олжа салған қазақстандық бұрымдыларға қомақты ақшалай сыйақы берілді, деп хабарлайды Ulyssport.kz
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлем біріншілігінің үздіктері Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) мен Қазақстан бокс федерациясы тарапынан марапатталды. Сонымен кім қанша сыйақы алды?
IBA ҚАНША БЕРДІ?
Алтын медаль жеңіп алған Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова және Аида Абикеева 100 мың доллар (50 млн теңге) сыйақыға ие болды.
Күміс медаль иегері атанған Виктория Графеева мен Елдана Талипова 50 мың доллар (25 млн теңге) алды.
Қола медальға қол жеткізген Наталья Богданова 25 мың доллар (12 млн теңге) иеленді.
ҚАЗАҚСТАН БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ СЫЙАҚЫСЫ
Қазақстан бокс федерациясы тағайындаған ақшалай сыйақы да IBA ұсынған мөлшерге пара-пар. Алтын медаль қанжығалаған Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова және Аида Абикееваның әрқайсы 100 мың доллардан ақшалай сыйақы алса, күміспен күптелген Виктория Графеева мен Елдана Талиповаға 50 мың доллар табысталды. Ал қола жүлдегер Наталья Богданова 25 мың долларды місе тұтты.
Қазақстан бокс федерациясы тарапынан спортшылардың бапкерлері мен команда құрамындағы басқа да мамандарға ақшалай сыйақы берілетінін айта кетейік.
ТАРИХИ ЖЕТІСТІК
Естеріңізге сала кетсек, биылғы 8-16 наурыз аралығында Сербияның Нише қаласында бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық додада Қазақстан құрамасының қыздары тамаша өнер көрсетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Нәтижесінде үш алтын, екі күміс және бір қола медаль қоржынға түсті.