Алматының «Қайрат» командасын финалда 5:1 есебімен тас-талқан етіп ұтқан «Семей» футзалшылары Қазақстан кубогының иегері атанды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан кубогын сарапқа салған шешуші матч Талдықорған қаласында кеше, 23 наурыз күні кешке өтті. Финалда еліміздегі ең атақты ұжым, әлемдік аренада даңқы шыққан – алматылық “Қайрат” пен қазақ футболының отанынан келген “Семей” командалары шеберлік байқасты. Ойын аса тартысты өтті. Чемпиондар лигасын екі рет, Құрлықаралық кубокты бір рет, Еременко кубогын төрт рет иеленген, Қазақстанның 21 дүркін, Қазақстан кубогының 18 дүркін, Қазақстан суперкубогының 8 дүркін чемпионы атанған “Қайратпен” ойнау қай командаға болса да оңайға соқпатыны анық. Бірақ қарсыласының дүркіреп тұрған атағынан қаймығатын “Семей” ме? Салған жерден тізгінді қолға алып, ойынды соңына бақылауда ұстады. Есеп – 5:1. Семейлік футзалшылардың пайдасына. Чемпиондар сапында гол соққандар: Кайо Торрес (дубль), Дедезиньо, Кандидо және Ақжол Дәрібай. Ал “Қайраттың” жалғыз голын Денер соқты.
Айта кетейік, “Семей” клубы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогын иеленіп отыр. Былтыр бұл үжым Қазақстан чемпионы атанған.
Отандық спорт мамандары Қазақстанда «Қайратқа» бәсекелес болатын тағы бір бәсі биік футзал командасы шыққанын қуана айтып жатыр.