Семейлік “Елімай” футбол клубының экс-ойыншысы Еркебұлан Нұрғалиев “Добрая ультра” ютуб арнасына берген сұхбатында бұрынғы бас бапкер Самат Смақовты командадан қуып жібергені туралы айтты, деп хабарлайды Ulyssport.
ДӘЙЕКСӨЗ
Бәрі қалай болғанын айтып берейін. 2023 жылы бізді Самат Смақов жаттықтырып жүрген кезде-ақ команда тізгінін Андрей Карпович ұстайды деген сыбыс тарай бастаған. Шыны керек, клубты бірде-бір жеңіліссіз ҚПЛ-ға алып шыққан бапкерді қалай алып тастауға болатынын түсінбедік. Түрлі әңгіме айтылып жүрген соң, Самат Кабирұлынығ өзінен сұрадым. Ол: «Жоқ, кетпеймін, маған команданы 2024 жылға жасақтауды тапсырды» деді. Ал маусым аяқталған соң оны орнынан алып тастады. Қатты таңғалдым. Бұл дұрыс емес, олай істеуге болмайды, - деді Еркебұлан Нұрғалиев.
ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ
Аты аңызға айналған қазақстандық футболшы Самат Смақов 2022 жылғы қазанда «Елімай» клубының бас бапкері болып тағайындалған. Семейлік клубпен ол бірінші лигада топ жарып, ҚПЛ-да өнер көрсетуге мүмкіндік алған. Даңқты спортшының бас бапкерліктен кеткені туралы “Елімай” футбол клубы “клуб ҚПЛ-да өнер көрсететіндіктен Самат Смақов жаттықтырушы қызметін атқара алмайды. Себебі футбол ережесіне сәйкес бас жаттықтырушыда болуға тиіс PRO лицензиясы жоқ, оны алу үшін ұзақ уақыт қажет. Ал ҚПЛ маусымы оны күтіп тұра алмайды», деп түсіндірген.
Бірақ Саматтың шәкірттері мен кейбір спорт мамандары лицензия алу соншалық қиын жұмыс емес екенін айтқан.