Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай қандай жағдайда спорттан кететінін айтты, деп хабарлайды Ulyssport.
Назым тұрмысқа шықса, спорттан кететінін жеткізді.
- Жалпы әркім өзі біледі ғой. Біздің құрамада тұрмысқа шығып, спортты да қатар алып жүргендер бар. Мысалы Азия чемпионатының қола жүлдегері Айгерім Сәттібаева бес баланың анасы. Боксты тастап, қайтып келді. Адамның өзіне байланысты. Кейбірі күйеуі рұқсат берсе айналысады. Менің жеке ойым - отбасы құрып, тұрмысқа шыққаннан кейін спортқа оралмау керек. Мысалы құрамада бала-шағасы бар қыздар бар. Олар үнемі оқу-жаттығуда жүрген кезде баласының өскенін көрмей қалады. Ал балаға алғаш тәрбие беретін ата-анасы. Сондықтан мен өзім қарсымын, дейді Назым.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ
Еске салайық, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында жеңіске жеткен болатын. Ол 48 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетті.
Қазақстандық боксшы ақтық сында ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша Назым айқын басымдықпен жеңді.
Осылайша Назым Қызайбай үшінші рет әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылы жеңіс тұғырының биігіне көтерілген еді.
Айта кетейік бұған дейін Наталья Богданова (70 келі) қола жүлде жеңіп алды.