Туризм және спорт министрлігі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықты бастады, деп жазады Ulyssport порталы.
2024/25 жылғы қысқы маусымда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінген кейбір спорт түрлерінің спортшылары қысқы Олимпиада лицензиясына үміткер спортшы ретінде іріктеліп алынды. Әр спортшы үшін жеке дайындық жоспары бекітілді. Бұл жоспар халықаралық тәжірибеге, ғылымға негізделген кешенді әдістерді қамтиды.
Әр спортшы үшін жеке қадағалау жүргізіліп, инвентарь, медициналық қолдау (WADA талаптарына сай дәрі-дәрмек пен спорттық тамақтану), психологтың көмегі, нутрициолог пен дәрігер кеңесімен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ арнайы спорттық жабдықтар, бағдарламалар дайындау, қажет болса жеке жаттықтырушылардың іссапары қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, Performance Hub платформасы арқылы әр спортшының физикалық және функционалдық жағдайы тестіленіп, дайындық циклдары ғылыми негізде жоспарланады. Бұл жаттығу жүйесінің тиімділігін арттырып, жарақаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Олимпиадаға дайындық барысын қолдау үшін федерациялар, өңірлік спорт басқармалары және министрлікке бағынысты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Олар спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына кедергісіз қатысуын, барлық құрал-жабдық пен медициналық қызметтердің уақтылы көрсетілуін және бәсекеге қатысу кестесінің нақты орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.