2025 жылғы Қазақстан Кубогының финалдық ойыны биыл 21 қыркүйекте Қызылорда қаласындағы жаңа стадионда өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды Ulyssport.
Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырдың айтуынша, бұл шешім Қазақстан футбол федерациясы президентінің тапсырмасынан кейін қабылданған.
«Біз ҚФФ президентіне биылғы Қазақстан Кубогының финалын өңірлерде өткізу туралы ұсыныс жасадық. Ол кісі жаңа стадиондар салынып жатқан аймақтарға мониторинг жүргізуді тапсырды. Осыдан кейін мен Қызылордаға барып, облыс әкімімен кездестім, стадион құрылысымен таныстым. Әкім өңірдің мұндай ауқымды іс-шараны қабылдауға толық дайын екенін жеткізді», – деді Бақытжан Пазылхайыр Nursultan Qurman подкастында.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордадағы жаңа стадионның ашылуы 2025 жылдың мамыр айының соңына жоспарланғаны хабарланған болатын. Заманауи спорт нысаны 11 мың жанкүйерге арналған.