FightbookMMA порталы қазақстандық файтер Асу Алмабаев пен португалиялық Манель Капе арасындағы жекпе-жектің нәтижесіне талдау жасап, UFC ұйымының жекпе-жек барысындағы ережебұзушылықтарға көз жұма қарағанын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ulyssport.
РЕФЕРИ ЕКІ МӘРТЕ КӨЗГЕ ТЫҒЫЛҒАН САУСАҚТАРҒА ШАРА ҚОЛДАНБАДЫ
FightbookMMA-ның мәліметінше, UFC Fight Night 253 турнирінде өткен жекпе-жек барысында Манель Капе екі рет Асу Алмабаевтың көз алмасына саусақпен қасақана шұқыған. Екі жағдайда да Алмабаев уақытша үзіліс сұрады, алайда рефери Майк Белтран бұл өтінішті қабылдамады. Ол бұл әрекеттерді заңды соққы деп есептеп, айқын ережебұзушылыққа көз жұмған.
Басылымның жазуынша, екінші рет ережебұзушылық болғаннан кейін Алмабаев ауыр соққыларға қарсы тұра алмай, октагонда қашуға мәжбүр болған. Осы сәтте төреші жекпе-жекті тоқтатып, Капеге техникалық нокаутпен жеңіс берді.