Қазақстанның Антидопингтік орталығы ресми сайтында екі ауыр атлеттің жарыстардан шеттетілгені туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.
Аслан Бурханов үш жылға спорттан шеттетілді
Допингке қарсы ережелерді бұзған спортшылардың бірі — Аслан Бурханов. Оның допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, ағзасынан тыйым салынған "Тестостерон" препараты табылған. Осыған байланысты спортшы 2025 жылдың 21 ақпанынан 2028 жылдың 21 ақпанына дейін, яғни үш жылға жарыстардан шеттетілді.
Бекболат Қалиұлы — төрт жылға дисквалификация
Екінші спортшы — Бекболат Қалиұлының жағдайы одан да күрделірек. Оның қан құрамынан "Метандиенон" атты анаболикалық стероид табылған. Бұл факт бойынша оған төрт жылға спорттан шеттету жазасы қолданылып отыр. Шектеу мерзімі 2024 жылдың 24 желтоқсанынан 2028 жылдың 24 желтоқсанына дейін жалғасады.
Бекболат Қалиұлының спорттық жетістіктері
Шымкент тумасы Бекболат Қалиұлы жақында ғана 18 жасқа толған. Ол 2024 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында 96 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленген болатын. Осы табысының арқасында ол жастар құрамасына қосылып, Перу астанасы Лимада өткен әлем чемпионатына қатысты.
Чемпионатта Бекболат жұлқа көтеруде 142 келіні бағындырғанымен, серпе көтеруде 173 келіні орындай алмай, жарысты сәтсіз аяқтаған.
Осылайша, екі спортшы да допинг ережесін бұзғаны үшін жарыстардан шеттетіліп отыр.