24 дүркін Үлкен дулыға чемпионы, Пекин-2008 Олимпиадасының қола жүлдегері Новак Джокович (Сербия) Пекин-2008 Олимпиадасының алтын медаль иегері Рафаэль Надальды (Испания) жеңіп, Олимпиаданың жекелей сынында үшінші айналымға шықты, деп хабарлайды ulyssport.kz
Турнирдің екінші айналымында Джокович Надальды 6:1, 6:4 есебімен ойсырата ұтты. Әйгілі Ролан Гаррос стадионының Филипп Шатрие кортында өткен матч небәрі 1 сағат 45 минутқа созылды.
Бұл Джокович пен Надальдың теннистегі 60-шы кездесуі еді: 31:29 серб теннисшісінің пайдасында.
«Біз бірінші рет 2006 жылы ойнаппыз. 20 жылдан кейін де бір-бірімізбен ойнаймыз деп ешқашан ойлаған емеспін. Надаль менің теннис кортындағы ең басты қарсыласым еді. Бұдан кейін ойнаймыз ба білмеймін. Біз қатты жақын араласпаймыз, бірақ кім біледі зейнетке шыққанда жақын араласып кетерміз. Алдымызда әлі ұзақ өмір бар», - деп жауап берді серб спортшысы Джокович Ulysmedia тілшісіне.
Теннис әлемінде үш ұлы теннисші бар. Олар Новак Джокович (24 Үлкен дулығасы бар), Рафаэль Надаль (22) және Роджер Федерер (20). Соңғысы екі жыл бұрын кәсіби тенниспен қоштасты.
Бүгінгі матчты кімдер көрді?
Екі аңыздың кездесуін көрген де арманда, көрмеген де! Кездесу өткен кортта ине шаншар жер болмады. Матчты теннис аңыздары Серена Уильямс (23 дүркін Үлкен дулыға иегері) пен Билли Джин Кинг (12), американ рэп әншісі Снуп Дог және Қазақстан теннис федерациясының Президенті Болат Өтемұратов тамашалады.
Джокович әрі қарай кіммен ойнайды?
Өз мансабында 5-ші мәрте Олимпиадаға қатысып жатқан Новак Джокович үшінші айналымда Доминик Кепфер (Германия) - Маттео Арнальди (Италия) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Рафаэль Надаль жұптық сында жерлесі Карлос Алькараспен бірге турнирді жалғастырады.