Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында 48 келіде чемпион атанған Назым Қызайбай алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Ulyssport.
Cпортшының айтуынша, басты мақсаты – кезекті мәрте әлем чемпионытында жеңіске жетіп, төрт дүркін әлем чемпионы атану. Сонымен қатар, Олимпиада алтынын жеңіп алуды да армандайтынын жасырмады.
«Адамда арман таусылған ба, төрт дүркін әлем чемпионы атансам деймін. Сосын, Олимпиадаға да үш жылдан аз уақыт қалды, оған да баруым керек. Бірақ, қай салмақта екені әзірге белгісіз. Ел ішінде бәсекелестік артып келеді, жастардың шоғыры қалың. Десе де, бір анық нәрсе – жаттығуды ешқашан тоқтатпаймын.
Менің арманым – Олимпиаданың алтын медалі. Соған жетпей тоқтамақ емеспін», - деді Назым Қызайбай «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Париждегі Олимпиада ойындарында 50 келі салмақта қола жүлде жеңіп алған еді. Сондай-ақ, Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, қазақтан шыққан тұңғыш 3 дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді.