«Атырау» футбол клубының басшылығы өзіне жоғары жалақы қойып алған. Ал ойыншылар айлар бойы ақша алмаған, деп хабарлайды Ulyssport "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Мемлекет қарамағына уақытша қайтарылған «Атырау» футбол клубы биыл жыл соңына дейін жаңа адам басшылыққа келуі мүмкін. Клуб қазіргі кезде қатаң бақылау мен есеп режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл — бұрынғыдай өз бетімен шешім қабылдау, қаражатты еркін жұмсау мүмкін емес деген сөз.
Жалақы саясатындағы әділетсіздік
Жаңа басқару ережесіне сай, легионерлердің жалақысы енді тек демеушілік қаражат есебінен төленуі тиіс. Бюджет есебінен шетелдік ойыншыларды қаржыландыруға тыйым салынған. Алайда жыл басында клуб сегіз шетелдік ойыншымен келісімшарт жасап үлгерген. Құжаттарда олардың айлығы бар болғаны 200 мың теңге деп көрсетілгенімен, шын мәнінде 3 миллион теңгеден асатын төлемдер жасалған. Қалай рәсімделгені белгісіз. Бұл мәселе бойынша бірнеше айдан бері тексеріс жүргізіліп жатыр.
Бірақ басты дау ойыншылар емес — клуб басшылығының өзіне белгілеген жалақысы. Мемлекет бақылауына өткен соң қаржыны үнемдеу керек болған кезде, «Атырау» футбол клубының әкімшілігі өз айлықтарын күрт өсірген.
Мысалы:
Бас бапкердің жалақысы 3 миллионнан 5 миллион теңгеге өскен,
Көмекшісі – 1,8 миллионнан 5 миллион теңгеге,
Команда басшысы – 900 мыңнан 2,4 миллион теңгеге дейін көтерген.
Бұл уақытта футболшылар қаңтар мен наурыз аралығында жалақы көрмеген. Яғни, клубтың шынайы жұмысын атқарып жүргендер айлап қаражатсыз қалса, әкімшілік өз-өзін марапаттап, жалақыларын бірнеше есе көбейткен.
Қаржыда тәртіп, алаңда нәтиже жоқ
Қазір клубта барлық сатып алулар тендер арқылы өтуі тиіс, спорт басқармасы мен аудит қызметі барлық шығындарды тексеріп жатыр. Соған қарамастан, «Атырау» клубы УЕФА-дан күтілетін түсімдер aenесебінен 25 және 73 миллион теңгеге екі несие рәсімдеген. Біріншісі қайтарылған, ал екіншісі спорттық жабдық алуға жұмсалған, бірақ ол келісім де күмән тудырып отыр – сатып алу тек бір жеткізушімен жасалған.
Футболшылар айлық алмаған үш айда команданың спорттық нәтижесі де мәз емес. 13 турдан кейін «Атырау» премьер-лига кестесінде 13-орында тұр. Бар болғаны бір жеңіс, екі тең ойын және он жеңіліс тіркелген.
Клубтың болашағы не болмақ?
Билік клубтың қазіргі мемлекеттік мәртебесі — уақытша екенін мәлімдеді. Жыл соңында ол қайтадан жеке меншікке, яғни бәсекелі ортаға беріледі деп жоспарланған. Бұл жолы нақты инвестор табылып, бюджетке салмақ салмай қаржыландырылады деген үміт бар.
Айта кетейік, бұған дейін де «Атырау» клубы формалды түрде жеке құрылым болғанымен, қаржыландыру облыстық бюджеттен жүргізіліп келген. Яғни бұрын «жеке» деп аталғанымен, шын мәнінде мемлекет ақшасына өмір сүріп келді. Қазір осы шындық ашық мойындалып, бақылау күшейтілді. Бірақ жалақыға келгенде — сол ескі әдет өзгермегені байқалады.