Беларусь — Қазақстан футбол матчының тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасында бүгін сағат 22:00-де (Қазақстан уақытымен) басталады, деп хабарлайды Ulyssport.
Айта кетейік, келесі аптада Беларусь құрамасы тағы бір жолдастық матч өткізеді — 10 маусымда олар Ресей құрамасына қарсы ойнайды. Ал Қазақстан құрамасын 9 маусым күні 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македония құрамасына қарсы ресми ойын күтіп тұр.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев беларусьтермен болатын кездесудің македониялықтармен өтетін маңызды матчқа дайындық кезеңі болатынын атап өткен еді.
Қазақстан құрамасының соңғы ойындарына тоқталсақ, биыл наурызда 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуін Уэльспен матчтан бастап, 1:3 есебімен жеңіліп қалған. Алайда кейін Лихтенштейн құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Беларусь құрамасы да наурыз айында екі жолдастық кездесу өткізді: Тәжікстанды 5:0, ал Әзербайжанды 2:0 есебімен тізе бүктірді.