Белгілі журналист, спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен елден кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.
“ҚАЗАҚСТАННАН КӨШЕМІН”
Оның сөзінше, подкасттардың бірінде ұлттық құрама туралы айтқан өткір сөзінен соң әлдекімдер қоңырау шалған.
- Шалды. Аяқтан да шалды, қоңырау да шалды. Кімдер хабарласқанын айтайын, ешкімнен жасырмаймын. Мәселе жоғарғы мінбер, кеңселерге дейін барды. “Қой” деді. Әзірге 1-2 апта қоя тұрайын. Ешнәрсе айтпаймын, бәрі тамаша. Мені қолдап қоңырау шалған адамдар да болды. Менің өмірімде тура қазір Қазақстанда одан әрі өмір сүруге ешқандай мағына қалған жоқ. Жуырда шетелге көшемін деп шештім. Осы маусым аяқталғаннан кейін кетемін, дейді журналист.
ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ
Артынша журналист әлеуметтік желіде жазба жариялап, футболдан ұлттық құраманың баспасөз хатшысы қызметінен кеткенін мәлімдеді.
- Спорт журналистикасының жазылмаған заңы бар. Футболдан ұлттық құраманың баспасөз хатшысы болу ең биік қызмет болып саналады. Бұл жұмысқа қолы жеткен бар, жетпеген бар. Әлі де армандап жүргендер баршылық. Басқа елдерде де солай. Мен, құдайға шүкір 4 жыл жұмыс істеп арманымның біріне қол жеткіздім. Талғат Маруаұлы Байсуфиновпен де, Магомед Әдиевпен де, Станислав Черчесовпен де, ең соңы Әли Әлиевпен де қызметтес болдым. Ұлттық құрама ойындарының біреуінде жібермей, баспасөз қызметші ретінде міндетімді атқардым. Жүрген жерімнің бәрінде қазақ тілін насихаттадым. Қазақ футболы қазақша сөйлесін деген ұранды алға тарттым. Маған жанкүйер қауымның өкпесі жоқ шығар, дейді Ермұхамед Мәулен.
Ол бұл қызметтен өз еркімен кеткенін айтады.
- Өз еркіммен саналы түрде шешім қабылдап, Қазақстан ұлттық құрамасы баспасөз хатшысы қызметінен кетемін. Менің бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға зауқым соқпайды. Өзімді іштей жегідей жеп, жүйкемді тоздырғаным жетер. Алқымыма келіп сөз тығылған тұстар, оны айта алмай іште жасырған кездерім өте көп. Енді бұдан былай ойымды бұқпай, біреуден қаймықпай, айтар ойымды анық жеткізгім келеді. “Айтпасы сөздің атасы өлер” демекші, көрермен алдында адалдығымды сақтайын. Қазақстан құрамасына осы өмірім аяқталғанша жанкүйер болатыныма ешкімнің шүбәсі жоқ. Менсіз де футбол тоқтап қалмас. Ары қарай өздерің… Керемет жеңісті күндердегі бақытты сәттер үшін мың алғыс, дейді журналист.