Уимблдон турнирінің алғашқы күні ойыншылар мен көрермендер рекордтық ыстыққа тап болды: дүйсенбі күні "Үлкен дулыға" турнирінде ауа температурасы 33 градусқа дейін көтерілді, деп хабарлайды ulyssport.kz
Бүгін Ұлыбритания астанасы Лондонда жылдың үшінші "Үлкен дулыға" турнирінің бірінші айналымдық матчтары өтіп жатыр. Алғашқы ойындар жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де басталды. Түске қарай ауа райы күрт жоғарылап, күндізгі температура 33 градусқа дейін жетті.
Мен күні бойы көлеңкеден көлеңкеге өтумен боламын. Әрине, бұл өте ыстық күн. Ең алдымен айтарымыз – спортшылар мұндай температурада жыл бойы жарыстарға қатысып келеді. Алайда біз, Ұлыбритания тұрғындары үшін, бұл – өте ыстық ауа райы, — деді Уимблдон турнирін ұйымдастыратын All England Club-тың бас директоры Салли Болтон.
Әдетте Лондонда маусым айындағы күндізгі температура 21,5 градус шамасында болатын. Ұлыбританияның ресми метеобюросы бұл көктемді ел тарихындағы “ең жылы және ең шуақты көктем” деп атаған еді.
Ыстық ауа райы көптеген ТОП ойыншының нәтижелеріне әсер етті деуге болады. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ бірнеше сенсациялар орын алды. Атап айтсақ, ресейлік Даниил Медведев, грекиялық Стефанос Циципас, Тунис теннисшісі Онс Жабер, Латвия спортшысы Алена Остапенко бірінші айналымда жеңілді.
Француз спортшысы, Astana Open турнирінің чемпионы Адриан Маннарино ауа райына қатысты өз пікірін білдірді:
Әр минут сайын күн бізге жақындай түскендей әсер қалдырады. Мен қатты қиналдым. Шашымды алып тастағанмын. Соның орнына бірнеше рет күннен қорғайтын крем жағуға тура келді", — деді ол.
Бүгін кешкісін қазақстандықтардан Юлия Путинцева алғашқы матчын ойнау үшін кортқа шығады. Қалған отандастарымыз кездесулерін ертең өткізеді.