Ирландиялық кәсіпқой боксшы Аарон Маккенна (20-0, 10 КО) қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 КО) шаршы алаңда кездесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport.
«Орта салмақтағы ең қауіпті екеуміз»
26 жастағы Маккенна өзін «орта салмақтағы ең көп айналып өтетін жас жұлдыз» деп атап, әлеуметтік желідегі жазбасында қазақ боксшысын ашық жекпе-жекке шақырды.
- Екеуміз – 160 фунтқа дейінгі салмақтағы ең қауіпті боксшылармыз. Жәнібек Әлімханұлы да, мен де кез келген қарсыласпен жұдырықтасуға әзірміз. Ендеше, бастайық, – деп жазды ол.
Сонымен қатар болашақ айқастың болжамды постерін жариялады.
Чемпиондар мен рейтингтегі орындар
Жәнібек Әлімханұлы қазір орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ал Маккенна WBO рейтингінде 13-орында, IBF тізімінде 7-орында тұр.
Соңғы жекпе-жектер
2025 жылдың сәуірінде Аарон Маккенна Лондонда өткен айқаста британдық Лиам Смитті төрешілердің шешімімен жеңген болатын.
Ал дәл сол айда Жәнібек Әлімханұлы француз Анауэль Нгамессингені бесінші раундта нокаутқа түсірді.
Болашақ жоспарлар
Қазақ боксшысының командасы орта салмақтағы тағы бір чемпион – доминикандық Карлос Адамеспен жекпе-жек ұйымдастыруға мүдделі. Бірақ әзірге келісім жасалған жоқ. Айта кетейік, Маккенна бұған дейін де Әлімханұлын айқасқа шақырған, алайда қазақстандық чемпион бұл ұсынысқа жауап бермеген еді.