Бокстан Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты додада отандастарымыз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulyssport Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
4-14 қыркүйек аралығында World Boxing федерациясы алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионатын ұйымдастырды. Аталған дүбірлі додаға әлемнің кіл мықтылары жиналған болатын. Соның ішінде Қазақстан құрамасы топ жарды.
Жерлестеріміз әлем чемпионатын 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен аяқтады. Бұл көрсеткіш жалпыкомандалық есепте көш бастауға мүмкіндік берді. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы ие болды - алты алтын, екі күміс, үш қола. Үндістан екі алтын, бір күміс және бір қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.
Бірінші орын иеленгендер: Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін).
Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдемен ерекшеленді.
Осы орайда Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жігіттердің өнеріне баға беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.
"Қазір барлық мемлекетте бокс дамып келе жатыр. Сондықтан да әлем чемпионатындағы әрбір жекпе-жек тартысқа толы өтті. Жеңіске жету оңай болмады.
Сонымен қатар 90 келіден жоғары салмақта да тарих жаңарды. Аса ауыр салмақтың финалында Айбек Оралбай жеңіске жетті. Алғашқы екі раунд қарсыластың пайдасына шешілгенімен, шешуші үшінші кезеңде Айбек қарқынын күшейтіп, жеңісті жұлып алды деуге болады.
Біз оған: «Айбек, сенің жеңісің бізге аса қажет! Сен жеңіске жетсең, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтеріледі. Капитан ретінде жеңіске жетуге тиіссің!» - деп тапсырма бергенбіз. Айбек бұл сенімді толық ақтады.
Ағайынды Сабырхандар да тамаша өнер көрсетті. Махмұд екінші мәрте әлем чемпионы атанса, небәрі 19 жастағы Төрехан Сабырхан ересектер арасында өткен алғашқы біріншілігінде топ жарды.
Енді алда қазан айының 12-19 аралығында Семейде Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл жарысқа қазақстандық боксшылардың барлығы қатысады. Тек әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған спортшылар қатыспайды. Содан кейін қараша айының 15-22 аралығында Үндістан төрінде Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді. Сол жарысқа дайындаламыз”, - деді бас бапкер Қайрат Сәтжанов.
Ал Қазақстан құрамасын алға шығарған Айбек Оралбай жарыстан кейінгі сезімдерімен бөліскен еді.
"Аса ауыр салмақта жеңіске жетіп, тарихқа кіргеніме өте қатты қуаныштымын!
"Бүгінгі күн - ертеңгі тарих" әлі де Олимпиада медалі жетіспейді. Сондықтан әрі қарай жұмыс істейміз.
Енді бұл әлем чемпионтаныда менің салмағымда 30 спортшы болды. Сол 30 спортшыны артта қалдырып, бірінші орынды иелендім", - деді ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай.
Сонымен қатар Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Алуа Балқыбекова 51 келіге дейінгі салмақта осымен екінші мәрте алтын жүлдегер атанып отыр. Бұрымды боксшымыз Сербияның Ниш қаласында өткен әлем біріншілігінде де жеңіске жеткен болатын.
"Негізгі мақсатым - екі дүркін әлем чемпионы болу еді. Міне, енді сол мақсатыма жетіп отырмын. Дегенмен алда Олимпиада ойындары бар. Ал осы әлем чемпионаты, Азия чемпионаты Олимпиадаға дейінгі жолдағы сынақ болмақ.
Жартылай финалда қытай қызымен кішігірім қиындықтар болды. Дегенмен өз мәнерімде жұмыс жасап, жекпе-жекте жеңіске жеттім", - деді Алуа Балқыбекова.
Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Olympic.kz сайтына берген сұхбатында әлем чемпионатын қорытындылады.
"Басты мақсат - Ништа өткен әлем чемпионатындағы нәтижені қайталау болды. Нәтижесінде сол мақсатымызға жетіп отырмыз. Оның үстіне, World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен әлем біріншілігіне көп ел қатысты. Одан бөлек, қатысушылардың саны көп, бәсекелестік деңгейі жоғары болды.
Соған қарамастан, жалпы есепте бірінші орынды иелендік. Қыздарымыз намысты қолдан бермей, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Алтын жүлде алған спортшыларымыз өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кету керек, қыздарымыз биыл екі бірдей әлем чемпионатына және Әлем кубогына қатысып үлгерді. Сондықтан бес спортшымыз алдағы Қазақстан біріншілігінен босатылады. Кейінгі оқу-жаттығу жиындарында дайындықтарын жалғастырады. Алда Азия ойындары күтіп тұр", - деді Елдос Сайдалин.
Он күнге созылған әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар айрықша табысқа қол жеткізді. Олар жалпы есепте топ жарып қана қоймай, қазақ боксының әлемдегі көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлеледі.