Қазір бүкіл қазақ елі Елдос Сметовтей батыр ұлға алғысын жаудыруда. Олимпиаданың ең алғашқы күнінде алтын алып, қазақтың көк байрағын желбіреткен жігітті Париждегі жанкүйерлер де алақанына салып, құрметтеп жатыр. Ал елдегі ағайын бар жақсысын батырға дайындап, Елдос бастаған команданың аман-есен оралуын асыға күтуде. Ел аяғы тынышталып, аста-төк эмоциялар саябырсыған кезде Olympic.kz даңқты дзюдошымен аз-кем тілдесті.
Ең алғаш рет Рио Олимпиадасына қатыстым. Бұл ойынның жауапкершілігі өте жоғары болды. Оның үстіне, жастығым да бар. Тұғырдың екінші сатысында тұрдым. Сол кезде қарсыласымның құрметіне әнұран шырқалды да, біздің көк туымыз сәл төмен желбіреді. Мен сол кезде-ақ, қазақтың туы бәрінен биік тұрып, «Менің Қазақстанымды» бар әлемге тік тұрғызып тыңдатамын деп серт бергем.
Токио ойындары мен үшін өте ауыр өтті. Емін-еркін жүре алмадық, жарыс аяқталған күннің ертесіне ұшып кеттік. Қолдайтын жанкүйер де болмады залда. Бәрі жабық еді. Ауыр дерт кезінде өткендіктен, бұл Олимпиада екі есе ауыр болды. Күншығыс елінен қола бұйырды.
Ал Парижде мен бала күнгі арманымды орындадым. Менің арманым – Олимпиада алтыны еді. Сондықтан, мен мұны тарихи жеңіс деп айта аламын. Бүкіл әлем өзім армандағандай, қазақтың әнұранына тік тұрды. Біздің ту екінші немесе үшінші емес, ең жоғарыда желбіреді. Спортшы үшін бұдан басқа бақыт бар ма?
Олимпиаданың финалында жеңген соң, не болғанын түсінбей қалдым. Миым ештеңені қорытатын емес. Нокдаун алғандай әсерде жүрдім. Жеңгенімді біліп тұрмын, бірақ ойларым да шашыраңқы еді. Мұндай сәтті сөзбен суреттеу мүмкін емес. Мұндай сәтті тек сезіну керек.
Жеңістің ең биік тұғырында тұрғанда спорттағы бүкіл ғұмырым көз алдымнан сырғып өтіп жатты. Қиындықтар, жарақаттар, қуанышты сәттер – бәрі де тұтас бір сурет болып келе қалды. Көз жасымды ұстай алмадым. Бұл мен армандаған сәт болатын.
Бір қызығы, мен дәл осы Олимпиадада өзім бұрын кезікпеген мәселемен бетпе-бет келдім. Менің салмағым асып кетіпті. Аз да емес, 1 келі 600 грамм асып тұр. Шынымды айтсам, дәл осы салмақты қуу мені шаршатып жіберді. Салмақ қуып жүріп, ең маңызды бәсеке алдында тап осылай қиналып жүргеніме қапаландым. Себебі, бүған дейін салмақтың асып кетуі деген менде мүлде болмаған. Неше түрлі ойлармен арпалыстым. Сол кезде қасымда болған массажшыларға рахмет. Салмақ өту рәсімінен өтіп кеткенге дейін қасымнан бір елі алыстамады.
Әрбір спортшыда кішігірім жарақаттар болады. Халықтың қолдауы мен жылы сөзінен қазір жарақаттарымды да ұмытып кеттім. Елге әлі жеткенім жоқ, осы жақтың өзінде жанкүйердің ықыласы қатты сезіледі. Отбасыммен де дұрыс сөйлесудің реті түспей жатыр. Телефонға қарау, ондағы жүздеген хаттарға жауап беру мүмкін емес. Елімнің осындай ықыласынан айналдым, көп рахмет!
Маған халықтың, жанкүйердің қолдауы ерекше қымбат. Мен залдағы жанкүйерлердің қиқуынан шабыттанып кетемін. Халық қолдаған сайын, екінші тынысым ашылып, жігерлене түсетін жанмын. Жанкүйердің айғай-шуынан қуат аламын десем, артық емес. Әлі есімде, 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында топ жардым. Сол кездегі жанкүйер қолдауын сөзбен жеткізе алмаймын.
Тура сондай қолдаумен кімді әкелсең де, жеңіп тастайтын едім. Сосын маған қарсыластарымды өз елдерінде ұтқан ерекше ұнайды. Қарсыласымды жанкүйерлер қолпаштаған сайын, оны лақтырғым келіп тұрады. Содан ләззат аламын. Токио Олимпиадасының жартылай финалында Наохиса Такатомен белдестім. Екеуміз жеңімпазды анықтағанша өте ұзақ күрестік. Сол кездесуде жеңілсем де, көз тоятындай, жанкүйер жылдар бойы айтып жүретіндей жекпе-жек болды.
Дзюдо -менің өмірім. Осы спорт түріндегі басты кумирім – Тадахиро Номура. Ол да 60 келіде күрескен. Шыны керек, оның күресі ешкімге, әсіресе, қазіргі жапон балуандарына мүлде ұқсамайды. Ол дзюдодан шыққан үш дүркін Олимпиада чемпионы.
Мен дзюдоға бес жасымда келдім. Ағаларым Жандос пен Бақберген үйдің қасында спорт мектебіне келіп, мені сол залға кіргізіп жіберген. Содан бері сол залдан шыққаным жоқ. Өмір бойы қалдым. Бұған еш өкінбеймін.
Спорттағы мансабым туралы әлі шешім қабылдағаным жоқ. Қазір ерекше қуанып жүргенімді білесіздер. Ал қатты қуанып немесе ашуланып тұрғанда шешім қабылдамау керектігін білесіздер. Елге барған соң сараптап, саралап, бір шешімге келемін деген ойдамын.