×

Айдос Сұлтанғали: көк байрағымыз жоғары көтерілгенде төбем көкке жеткендей болды

13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додада грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали алтыннан алқа тағып, Қазақстан тарихында есімін алтын әріппен жазды. Отандасымыз Olympic.kz сайтына берген сұқбатында жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, алдағы мақсаты жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ulyssport.

Бүгін, 16:42
Айдос Сұлтанғали: көк байрағымыз жоғары көтерілгенде төбем көкке жеткендей болды
Фото: ҰОК

- Грек-рим күресінен ХХІ ғасырда Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелдіңіз. Сол жайлы айтып берсеңіз.

- Басты мақсатым - тарихта өз атымды қалдыру, еліміздің абыройын асқақтату болды. Оның үстіне бас бапкеріміз Қонысбек Кәрімұлы әрдайым: «Маған алтын керек. Жігіттер, мен сендерге барлық жағдайды жасаймын, ал сендер алтын медальді алып беру керексіңдер», - деп көп айтатын. Сол сөздер бізді ерекше жігерлендірді. Бұған дейін екі рет қола жүлде еншілеген едім. Ол кезде көк туымыз үшінші орында тұрғандықтан, кеудемді тіктей алмайтынмын. Бұл жолы көк байрағымыз бәрінен жоғары көтерілгенде төбем көкке жеткендей болды. Ішкі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл медальға дейін талай қиындық пен жарақатты бастан өткердім. Сол еңбектің, төзімнің өтеуі ретінде алтын бұйырды деп ойлаймын.

- Әлем біріншілігіне дайындық қалай өтті?

- Дайындығымыз өте жоғары деңгейде болды. Тіпті 100 пайызға дайын болдық десем де болады.  Өйткені, тек мен ғана емес, басқа да балуандар күресіп, барын салды. Өкінішке қарай, оларға жүлде бұйырмады. Бірақ бәріміз бабымызда едік. Аш адамдай әр белдесуден соң одан сайын жігерленіп, шаршаудың орнына алға қарай ұмтылдық. Бұл - дайындық жоспарының дұрыс құрылуының нәтижесі деп ойлаймын.

- Чемпионаттағы ең қиын қарсылас кім болды?

- Солтүстіккореялық балуан. Біз бұған дейін екі рет жолықтық, бұл үшінші белдесуіміз. Аздап ыңғайсыз қарсылас десем де болады. Сол балуанмен кішкене қиындықтар болды.

- Бастан алған жарақатыңыз сізге кедергі келтірген жоқ па?

- Жарақатым ешқандай кедергі келтірген жоқ. Бірақ құлағыма қарсыластың шынтағы тиді, содан қасым жарылды. Енді құлағым кішкене ауырсынды. Бірақ сол арада таңғышты орап, әрі қарай күресу керек болды. Алтынға бір қадам қалғанда, қас жарылса да, қалай болғанда да  сол алтынды жұлып алып кету керек еді. 

- Ұлттық құраманың басқа балуандары қалай өнер көрсетті?

- Өте жақсы күресті. Жоғарыда айтып өткендей, бәріміз бабымызда едік. Енді бұйырмай қалды. Дегенмен балалардың деңгейі өте жоғары, өздеріне сенімді, жақсы өнер көрсетті.

- Әлем чемпионатында есте қалған ерекше сәт болды ма?

- Иә, болды. Ол - команданың ауызбіршілігі. Бұған дейін ондайды көрмеген едім. Жарыста «мынау менің оқушым, тек соған ғана көмектесемін» деген жағдайлар болмады. Қай жаттықтырушыға жүгінсем де, 100 пайыз қолдарынан келген көмегін аямады. Дәрігерлердің, жеке бапкерлердің еңбегі зор. Әсіресе Азамат Нұрматовты, сондай-ақ 60 келі салмаққа жауап беретін Әсет Иманбаевты ерекше атап өткім келеді. Ал ең бастысы - осындай ауызбіршілікті қалыптастырып, команданың рухын көтерген Қонысбек Кәрімұлына алғысым шексіз.

- Жаңа бапкердің келуіне байланысты құрамада өзгеріс бар ма?

- Иә өзгеріс бар. Дайындық жоспарын көрген сәттен-ақ жақын уақытта бір жаңалық болатынын сездік. Шынын айтқанда, бәрі түбегейлі өзгеріп кетті десе де болады. Дегенмен физикалық дайындықтар, күресу ол жалпы нәрсе ғой. Бірақ бас бапкердің жеткізу әдісі өзгеше болды. Бұған дейінгі бапкерлермен де талай нәрсені жасадық, бірақ нәтиже болмаған соң, бұл жолы басқаша тәсілге жүгіндік. «Бәлкім, осы жолы нәтиже болар» деген үміт болды. Енді үміт ақталды деп ойлаймын. 

- 60 келі салмақта ішкі бәсекелестік деңгейі қандай?

- Бұл салмақта ішкі бәсекелестік өте жоғары. Бәсекелестік деңгейі төмен болған жағдайда, мүмкін бұндай нәтиже болмас еді. Қай жерде бәсекелестік мықты болса, сол жерде нәтиже болады деп ойлаймын.

- Әлем біріншілігінен кейін демаласыз ба? Алдағы жоспар қандай?

- Жоқ, әрі қарай дайындықты жалғастырамыз. Бұл әлем біріншілігі алда өтетін Азия ойындарына жолдама ретінде өтті. Келесі меже Азия ойындары. Басты мақсат - осы жерде көрсеткен нәтижені сол Азия ойындарында қайталау. 

- 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысасыз ба?

- Әзірге ол жайлы алысқа ой жүгіртпей-ақ қоялық. Бірақ түпкі арман - Олимпиада ойындары ғой. Оған дейін әлі үш жылдай уақыт бар. Сондықтан егер бәрі ойдағыдай болса, сол жақта топ жару - басты мақсат.

Новости партнеров