×

Қазақстан MMA-шілері Азия чемпионатынан шет қала ма

Қазақстандық аралас жекпе-жек шеберлері Бахрейнде өтетін Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына қатыспауы мүмкін. Бұл туралы елдегі Біріккен ММА федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulyssport 

10.10.2025, 20:50
Қазақстан MMA-шілері Азия чемпионатынан шет қала ма
Әлеуметтік желіден

Sportbugin.kz мәліметінше Федерацияның атқарушы директоры Зарина Нажбиеваның айтуынша, аккредиттелген ұлттық құрам дайындық жұмыстарын ерте бастап, барлық құжатты уақытылы тапсырған. Алайда, тізімді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бекіткен кезде ММА спорт түрі енгізілмеген. Осылайша, ресми құрама мүшелері жарысқа жіберілмей отыр.

«Біз халықаралық талаптарға сай дайындалдық, антидопингтік курстардан өттік, өңірлер спорт басқармаларымен келісіп қойдық. Бірақ кейін Азиадаға басқа команда баратыны белгілі болды», — дейді Нажбиева.

Өз кезегінде, Ұлттық Олимпиадалық комитет ММА жарыстарын ұйымдастыру құқығы Asian Mixed Martial Arts Association (AMMA) ұйымына тиесілі екенін түсіндірді. Комитеттің ресми жауабында AMMA тек өз мүшесі болып табылатын федерациялармен ғана жұмыс істейтіні айтылған.

Қазір AMMA құрамында Қазақстаннан ресми мүше ретінде Mixed Martial Arts Ұлттық федерациясы тіркелген. Бұл ұйым биылғы Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте екінші орын алған болатын.

Сонымен, Жасөспірімдер Азия ойындарында ел намысын қай құрам қорғайтыны әзірге нақты емес.

Біріккен Қазақстан ММА федерациясы 2013 жылдан бері аталған спорт түрі бойынша аккредиттелген ұйым саналады. Бүгінде осы ұйымнан түлеп ұшқан спортшылар қатарында UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов, Сергей Морозов, Дәурен Ермеков сынды танымал жауынгерлер бар.

Новости партнеров