Александр Заруцкий тізе жарақатынан кейін толыққанды жаттығуға қайта оралды, деп хабарлайды Ulyssport.
Алматылық «Қайрат» командасының қақпашысы Александр Заруцкий қайта қатарға қосылды.
«Жаттығу алаңына қайта оралды!» – делінген жазбада.
Еске салсақ, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикке» қарсы матчта қазақстандық қақпашы Заруцкий допқа талас кезінде тізесін жарақаттап алған.
Оны сол сәтте 21 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков алмастырды, бұл ауысу оның мансабында шешуші сәтке айналды.
Кейін Темірлан өз сейвтерімен «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына көмектесті және жақында Кипрдің «Пафос» командасына қарсы матчта Еуропаның ең беделді клубтық турнирінде сәтті дебют жасады.
Келесі матчта алматылық «Қайрат» елордалық «Астанаға» қарсы «Орталық» стадионда ойнайды. Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атағы үшін кездесу 26 қазан күні сағат 15:00-де өтеді.
Айта кетейік, чемпион атану үшін алматылықтар «Астанадан» жеңілмеуі тиіс.
Ал Чемпиондар лигасына келсек, «Қайраттың» келесі қарсыласы – миландық «Интер». Кездесу 5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні, Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де «Джузеппе Меацца» стадионында өтеді.
Қазір бапкерлік құрам алдағы ойындарда негізіге құрамда қай қақпашының шығатынын ақылдасып жатыр. Бұл Темірлан Анарбеков немесе Александр Заруцкий болуы мүмкін.