Футбол тақырыбында жазатын «Ray Mundo Futbol» атты X әлеуметтік желісіндегі аккаунт 17 жастағы алматылық «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа «Челси» клубынан гөрі «Ред Булл Зальцбург» командасында мансабын жалғастырған әлдеқайда тиімді болар еді деген пікір білдірді, деп хабарлайды Ulyssport.
2025 жылғы 10 ақпанда «Қайрат» Сәтпаевтың трансфері бойынша Лондонның «Челси» клубымен келісімге келгенін жариялады. Келісімге сәйкес, 2026 жылдың жазында, кәмелет жасына толғаннан кейін, қазақстандық футболшы ресми түрде ағылшын клубына қосылады.
«Сәтпаевқа „РБ Зальцбургке“ ауысқан жүз есе тиімді болар еді, „Челси“ емес. Ол сөзсіз өте талантты, бірақ оған тұрақты ойын тәжірибесі мен оған басымдық беретін клуб қажет», — деп жазады интернет-ресурс.
Зальцбургтік «Ред Булл» Австрия Бундеслигасында ойнайды және 2025/26 маусымының 12 турынан кейін турнир кестесінде көш бастап тұр. Клуб — Австрияның 17 дүркін чемпионы, 9 мәрте Кубок иегері және 3 рет Суперкубок жеңімпазы.