Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты VADA-ға ресми талап жолдады, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы допинг-бақылау ұйымы VADA-ға жолданған ресми құжатпен Tengri Sport редакциясымен бөлісті.
Федерация VADA-дан WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын тестілеу барысына қатысты нақты түсініктеме беруді талап етіп отыр.
Ұйым VADA-дан толық құжаттаманы ұсынуды, нәтижелердің жариялану уақытын ресми түрде түсіндіруді, тест қорытындыларына тәуелсіз тексеріс жүргізуді, «В үлгісіне» қолжетімділік беруді, сондай-ақ ақпараттың сыртқа таралмауына және қандай да бір қысым болмауына кепілдік сұрады.
- Жәнібек Әлімханұлы – мінсіз абырой иесі, ұзақ жылдар бойы таза допинг-тесттерден өтіп жүрген, тәртібі үлгі боларлық спортшы.
Оның есімі манипуляцияның, процедуралық қателіктердің немесе ақпараттық алыпқашпа әңгімелердің нысанына айналуына жол бермейміз. Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын, бірақ тек ашық әрі дұрыс регламент аясында. Біз объективтілікті, дәлдікті және ережелердің толық сақталуын талап етеміз. Ресми және толыққанды түсініктеме берілгенше кез келген асығыс қорытындыны қабылдауға болмайды, мұндай пікірлер спортшының да, жалпы спорт саласының да беделіне нұқсан келтіреді, — деді Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков.
КОНТЕКСТ
Қазақстандық чемпион Жанібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек 6 желтоқсанда өтпейді. Әлімханұлының сынамаларынан тыйым салынған зат — мельдоний табылғаны хабарланды.
Бұл деректер жарияланғаннан кейін боксшы ресми мәлімдеме жасап, әрқашан әділ спортты қолдайтынын және сынамалардың нәтижесіне таң қалғанын айтты.