Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылар алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен 2025 жылғы Юниорлар арасындағы Пара Азия ойындарына қатысып, халықаралық аренада лайықты нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ulyssport.kz
Қазақстандық спортшылар Дастан Ордабай мен Асан Аслан өз спорт түрлері бойынша үздік бестікке енді. Атап айтқанда, Дастан Ордабай 1500 метрге жүгіру жарысында 5-орынды, ал Асан Аслан ұзындыққа секіруден 5-нәтижені көрсетті.
Юниорлар арасындағы Пара Азия ойындарындағы өнер көрсету жас спортшыларды даярлау жолындағы маңызды кезеңге айналып, олардың құнды халықаралық жарыс тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер Қазақстанда интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын және ұлттық құраманың бәсекеге қабілеттілігінің артып отырғанын айқын көрсетеді.
«Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорттың ұлттық федерациясы»халықаралық жарыстарға одан әрі қатысу спорттық резервті қалыптастыруға және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар жас спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтеді.

Федерация Қазақстанда интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорттың дамуы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, өңірлік спорт басқармаларының, Спорттық даярлау орталығының, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тарапынан көрсетілетін бюджеттен тыс қолдаудың және «Туризм мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының, сондай-ақ Ұлттық федерацияның өзге де серіктестерінің қолдауының арқасында мүмкін болып отырғанын атап өтеді.