Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, бұл мәселе қоғамда кең талқыланып жатқандықтан, федерация нақты ұстанымын ашық білдіруді жөн көрген.
АЛҒАШҚЫ ТЫҢДАУ
Рахымжан Ерденбековтің мәлімдеуінше, Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы жанындағы тәртіптік комиссия істі қарау аясында алғашқы тыңдауды өткізген.
— Алғашқы тыңдаудың мақсаты — материалдар мен рәсімдерге бастапқы баға беру болды. Бұл кезеңде қандай да бір асығыс қорытынды жасау көзделген жоқ, — деді федерация басшысы.
Оның сөзінше, дәл осы тыңдау барысында істі тек формалды түрде қарау мүмкін еместігі анықталған.
ҚОСЫМША САРАПТАМА ҚАЖЕТ
Федерация президенті допинг ісі жан-жақты зерттеуді талап ететінін атап өтті.
— Бұл істі толық қарау үшін қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық бағалау қажет екені белгілі болды. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындалды. Мұндай шешім күрделі допинг істерінде халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады, — деді ол.
Рахымжан Ерденбеков оң нәтиже шыққан допинг сынамасы спортшының кінәсін бірден дәлелдемейтінін ерекше атап өтті.
— Допинг-пробаның оң шығуы спортшының қасақана әрекет еткенін немесе ауыр кінәсін автоматты түрде білдірмейді. Комиссия істі халықаралық спорт құқығында мойындалған No Significant Fault or Negligence қағидаты негізінде қарайды, — деді ол.
Федерация өкілінің айтуынша, барлық рәсімдер толық аяқталмайынша, түпкілікті шешім қабылданбайды.
— Қорытынды тек нақты фактілерге сүйене отырып, әділеттілік қағидаттары мен халықаралық стандарттарды толық сақтай отырып шығарылады, — деп түйіндеді федерация президенті.
ҚАЙТА ТЫҢДАУ
Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша қайта тыңдау 23 қаңтарға белгіленген.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, желтоқсан айының басында қазақстандық боксшының алғашқы допинг-сынамаcынан тыйым салынған зат анықталғаны белгілі болды. Осыған байланысты WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен өтуі тиіс біріккен жекпе-жек тоқтатылған еді.
Қайта талдаудың қорытындысы Жәнібек Әлімханұлының спорттық мансабындағы келесі қадамдарын айқындауда шешуші рөл атқарады.