Шымкент қаласының әкімдігінде «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойылды. Келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қол қойды. Меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ulyssport.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Құжат жеке инвестициялар жұмылдыруды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту футбол инфрақұрылымын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және қаланың елдегі футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде Шахмұрат Муталип компанияның клубты дамытуды ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастырылатынын айтты. «Ордабасы» – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдайтын клуб. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді ол.
Айта кету керек, соңғы жылдары клубта ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңа жаттығу алаңдары мен залдары бар заманауи көпфункционалды оқу-жаттығу базасы ашылып, жас ойыншыларды даярлау жүйесі құрылды.
Бұл қадамдар халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға және дені сау, белсенді ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік беретін сапалы спорт инфрақұрылымын құруға бағытталған.
Келісімдерді іске асыру клубты басқару сапасын арттыруға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және клубтың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.