Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымында ресейлік Анна Калинскаяны 6:3, 3:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды ulyssport.kz
Бірінші сетте бір брейк айырмасымен жеңіліп жатқан жерлесіміз, кері брейк жасап, 15 ұпай қатарынан жеңді. Осылайша бірінші сетті 6:3 есебімен өз пайдасына шешті.
Екінші сетте Рыбакина ерте брейк жасап, есепті 3:0 қылды. Алайда жарақатына байланысты Калинская матчты тоқтатты.
“Анна өте мықты ойыншы. Мен оның тез жазылып кетуін тілеймін. Ал өзіме келер болсам, турнирдің соңына дейін күресемін,”- деді кездесу соңындағы сұхбатта.
Естеріңізге сала кетейік, Рыбакина 2022 жылғы Уимблдонның жеңімпазы. Бүгінгі жеңісінің нәтижесінде (Уимблдонда ойнаған 20 матчтың 18-ін жеңіспен аяқтады) әйгілі Анна Джонес пен Штефи Граффтың жетістігін қайталады.