×

Назым Қызайбай: 3 дүркін әлем чемпионы болсам деген мақсатым бар

Бокстан әйелдер арасындағы бәсекеде 50 келіде қола жүлде иеленген Назым Қызайбай алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Ulyssport.kz

10.08.2024, 02:30
Назым Қызайбай: 3 дүркін әлем чемпионы болсам деген мақсатым бар
Сали Сабиров

«Финалдық жекпе-жекті көріп, қарсыласымның қаншалықты мықты екеніне көз жеткіздім. Өзімнің айқасымдағы кемшіліктерімді  де байқадым. Мықтыны мықты деп мойындау керек. Дайындық жағынан уақыт аз болды деп ойлаймын. Себебі, лицензияны тек мамыр айының соңында ғана иелендім. 2023 жылы өткен жазғы Азия ойындары немесе 2024 жылдың наурызында ұйымдастырылған Бусто-Арсицио әлемдік іріктеуінде жолдама алғанымда, бұдан да жақсы нәтиже көрсетер ме едім деп ойлаймын. Бірақ осы жүлде үшін де қаншама жылдар бойы еңбектендім.

Геннадий Головкинді тек теледидардан ғана көретін едім. Бүгін марапаттау сәтінде ол кісі арнайы қатысты. Өте қуаныштымын.

2022 жылы Ташкентте өткен оқу-жаттығу жиыны барысында қаладан кішкентай Эйфель мұнарасын байқап, Түркия құрамасындағы жақын досыммен бірге ырымдап суретке түскен едім. Өкінішке қарай, түрік қызы 66 келіде жұдырықтасып, жүлдеге іліге алмады. Енді бұйырса ертең шынайы Эйфель мұнарасына барып түсемін. Барша қолдаған қазақ халқына алғысымды білдіремін!

Боксты жақсы көремін. 3 дүркін әлем чемпионы болсам деген мақсатым бар. Себебі, ерлер арасында Серік Сәпиев және әйелдер арасында мен ғана 2 рет әлем чемпионы атанғанбыз. Енді сол тарихты жаңарту ойда бар»

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында әйелдер құрамасынан 3 боксшымыз бақ сынап, ең жеңіл салмақтағы Назым Қызайбай қола жүлде иеленген болатын.

Новости партнеров