Франция астанасы Париж қаласында XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ulyssport.kz. Әйгілі Stade de France аренасында 80 000 адамды жинаған әлемдік шоуға Ulysmedia тілшісі куәгер болып, іс-шараның қалай өткеніне шолу жасады:
Жабылу салтанаты қалай басталды?
Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты Париж уақытымен сағат 21:00-де Захо де Сагазанның орындауындағы "Париж үстіндегі аспан" әнімен басталды. Сосын қаланың дәл ортасында екі апта бойы жанып тұрған Олимпиада алауының шамын жүзуден Франция спортшысы Леон Маршан аренаға әкелді.
Әрі қарай классикалық оркестрдің сүйемелдеуімен концерттік бағдарлама басталды. Әлем назары Франция Президенті Эммануэль Макрон мен ХОК басшысы Томас Бахта еді. Аренада Франция мен Олимпиаданың жалаулары орнатылған соң, 205 делегацияның 9000-ға жуық өкілі өз елдерінің туларымен бірге стадионды айналып, шеру жасады. Қазақстан туын екі спортшы, атап айтсақ, көркем гимнастикадан ел намысын қорғаған Елжана Таниева мен таеквондошы Батырхан Тілеуғали ұстап шықты.
Париж-2024 Олимпиада және Паралимпиада ойындарының Президенті не деді?
Бұл 16 күнге созылған тамаша ресми іс-шара болды, бірақ барлық жақсы нәрселердің аяқталуы заңды құбылыс. Бұл біз үшін тағы бір Олимпиада ойындарына саяхатымыз аяқталды дегенді білдіреді. Алайда көңілдеріңіз түспесін! Паралимпиада ойындары 28 тамызда Парижде басталады. Асыға күтеміз, – деді Тони Эстанге.
Ұйымдастырушылар комитетінің басшысы сөйлегеннен соң, Халықаралық Олимпиада Комитетінің Президенті жалғастырды.
Томас Бах:
Біз Олимпиада ойындарының бейбітшілік орната алмайтынын білеміз. Бірақ Олимпиада әлемді бейбітшілік мәдениетімен ынталандыра алады. Сондықтан мен осы олимпиадалық рухты бөлісетіндердің барлығын арамызға шақырамын.
Біздің француз достарымыз осындай тамаша іс-шара ұйымдастырды. Сіз бен біз қандай керемет уақыт өткіздік! Миллиондаған адамдар Париж көшелерінде және бүкіл Францияда спортшыларды ташалады, бірге жеңістерін тойлады. Әлем халқының жартысынан көбі осы мерекені көрді, бөлісті.
Француз әртістерінің қатысуымен өткен шағын концерттік бағдарламадан соң, ХОК басшысы Томас Бах сахнаға тағы да шығып:
Менің жүрегім эмоцияға толы, мен тағы бір тапсырманы орындауым керек: 2024 жылғы Парижде өткен ХХХІІІ Олимпиада ойындарын жабық деп жариялаймын. Дәстүр бойынша төрт жылдан кейін Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында жиналуға, ол жерде барлығыңызбен бірге ХХХIV Олимпиада ойындарын атап өтуге шақырамын,- деді.
Олимпиада жалауы Лос-Анджелесте
Дәстүр бойынша Олимпиада жалауы Париж қаласының мэрінен ХОК Президентіне қайтарылып, әрі қарай Лос-Анджелес қаласының мэрі мен АҚШ-тың спорттық гимнастикадан бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы Симона Байлзге табысталды. Кештің тосын сыйы болған 62 жастағы Голливуд жұлдызы Том Круз Stade de France аренасының төбесінен түсіп, жалауды мотоциклмен аренадан алып шықты.
Алдын ала дайындалған әсерлі видеода көрсетілгендей, Том Круз Олимпиада аманатын АҚШ-қа жеткізді. Ол жерде әлемдік жұлдыздар Hot Chili Peppers музыкалық тобы, Снуп Дог және Билли Айлиштердің Тынық мұхиты бойындағы концерті күтіп тұрды.
Олимпиада алауы сөнді
3 сағатқа созылған іс-шара Олимпиада алауының сөнуімен аяқталды. Спортшылардан жасақталған ХОК комиссиясының мүшелері және Томас Бах алауды бірге өшірді. Артынша бірден француз әншісі әрі компазиторы Yseult “Менің жолым” атты әнін орындады. Ән шырқалып жатқанда Stade de France аренасының үстінен мерекелік әдемі отшашу болды.
Қазақстан 2024 жылғы Олимпиада ойындарын жеті медальмен аяқтады.
Алтын:
Елдос Сметов дзюдодан алтын медаль жеңіп алды.
Күміс:
боксшы Нұрбек Оралбай,
гимнаст Нариман Құрбанов,
грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев күміс иеленді.
Қола:
дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев,
боксшы Назым Қызайбай,
нысана көздеушілер Александра Ле мен Ислам Сатпаев қола жеңіп алды.
Қазақстан ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола еншілеп, 206 мемлекет ішінен 43 орында тұр.