Бокстан әйелдер ұлттық құрамасының мүшесі Карина Ибрагимова Олимпиаданы қорытындылады, деп хабарлайды Ulyssport.kz
Бокстан 2018, 2022, 2023 жылдар өткен Әлем чемпионатының жүлдегері, Париж Олимпиадасында өз салмағында жүлдеден үмітті болған Карина Ибрагимова сәтсіздігі бойынша әлеуметтік желіде пікірін білдірді:
“Бірінші кезекте менен үміттенген жандардан, әсіресе бапкерлерден кешірім сұраймын. Қаншама жылдар бойы тер төгіп, боксқа өміріңді арнайсың, армандайсың. Ауырсаң да, сынсаң да, жаттығасың… Алайда сенің тағдырыңды адам шешеді. Біз боксшымыз және көз жасымызды көрсетпейміз. Әрдайым өзімізді кінәлаймыз. Өкінішке қарай, үміттенген жүлде бұйырмады. Көптеген кедергілер болды. Бірақ оны жазбаймын. Өмір солай. Қиындықтан қашпаймын. 4 жыл бойы ұзақ жаттығудан кейін бәрінің басқаша аяқталғанын қалаған едім. Енді осы сәтсіздікті қабылдауға біраз уақыт қажет. Жанға батқан өкініш мені одан әрі шыңдай түседі деп сенемін. Жолымда кездескендердің барлығына алғысымды білдіремін!
Жігері, көзінде оты болмады т.б пікірлерді жазып жатыр. Бірақ адамдар әр түрлі. Бірі сыртқа шығарады. Бірі ішінде ұстайды. Өмір бойы саналы түрде Олимпиада арманымен өмір сүрген соң, рингке жеңілісті ойлап шықпайсың!
Мені уайымдаған, қолдап, жеңілген сәтте қасымнан табылған жандарға алғысым шексіз! Олимпиада қателікті кешірмейді”.
Айта кетейік, 57 келіде сынға түскен Карина Ибрагимова 1/8 финалда сенсациялық түрде Эшлиян Лосада Моттадан (Пуэрто-Рико) жеңілген болатын.