×

Көшпенділер ойындары: қыздар да қазақ күресіне дайындалып жатыр

8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының өтетіні белгілі. Осы дүбірлі додаға қазақ күресінің балуандары да қатысады, деп хабарлады Ulyssport.kz.

13.08.2024, 14:49
Көшпенділер ойындары: қыздар да қазақ күресіне дайындалып жатыр
Маржан Қуандықова

Бүгін қазақ күресінен Көшпенділер ойындарына қатысатын ерлер және әйелдер құрамалары анықталды.

Қазір өзге ұлттық құрамалар сияқты қазақ күресінің балуандары да Көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшылары 4 оқу-жаттығу жиынына қатысты. Атап айтқанда, балуандар бұған дейін Алматы қаласында екі рет, Грузия мен Қырғызстанда дайындалды. 

Қазіргі кезде кезекті оқу-жаттығу жиыны Ақмола облысының Щучье қаласында болып жатыр. Бұл жерде оқу-жаттығу 1 тамызда басталған. Енді ол 14 тамызға дейін болады.

Оқу-жаттығу жиыны кезінде балуандардың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздіктері анықталды. 

БАЛУАНДАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Сөйтіп, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына ерлер құрамасынан Бекжан Төлепов (55 кг, Жетісу обл.), Мейіржан Берекетов (60 кг, СҚО), Дидар Тұқышев (66 кг, Абай обл.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг, Шымкент қ.), Ерсін Сейітқазынов (82 кг, Абай обл.), Ерасыл Жанатаев (90 кг, Алматы қ.), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 кг, Шымкент қ.) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг, Маңғыстау обл.) қатысады. 

Әйелдер құрамасынан Айжан Жылқыбаева (48 кг, Түркістан обл.), Назерке Азаматова (52 кг, Ақтөбе обл.), Рауза Нұрмахамметова (56 кг, Жамбыл обл.), Бақыт Құсақбаева (60 кг, Ақтөбе обл.), Зарина Сарипова (65 кг, Абай обл.), Роза Нысантайқызы (70 кг, Абай обл.), Зәмзәгүл Файзолланова (77 кг, Шымкент қ.) мен Альбина Бахиева (+77 кг, Шымкент қ.) күш сынасады.

Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ғани Келдіқұловтың айтуынша, кешенді ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады. 

СПОРТШЫЛАРДЫҢ КӨБІ ЖЕҢІМПАЗ АТАНУЫ ТИІС

Қазақ күресінен ұлттық құрама кешенді ойындарға дайындық аясында бесінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жалпы, спортшыларымыз орта тау бөктерінде жалпы дене дайындықтарын өткізіп, шетелдік балуандармен тәжірибе алмасқан болатын. Спортшылар алдағы маңызды жарысқа физикалық тұрғыдан да, тәжірибе жағынан да толықтай дайын деп ойлаймын. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ қуу және қалыпқа келу жұмыстарына басымдық берілетін болады. Осындай ірі жарыстың біздің балуандарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында спортшыларымыздың ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлердің қатарынан көріну үшін барын салатынына сенімдімін, – дейді Ғани Құдайбергенұлы.

Бас жаттықтырушының сөзіне қарағанда 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында іріктеліп, 16 салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын балуандардың 50 пайыздан астамы жеңістің бірінші сатысынан көруі әбден мүмкін.  

Қорыта айтқанда, жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық іс-шарасына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады.

Астанадағы жарыстың бағдарламасына 21 спорт түрі кірсе, оның 12 ұлттық спортымыз.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Димаштың концертімен жабылады. Бұл туралы әншінің анасы Светлана Айтбаева айтты. 

Көшпенділер ойындарының өзі ЮНЕСКО қолдауына ие болды. ЮНЕСКО Қазақстан астанасына 85-тен астам елден кемі 2 мың қатысушы келетінін хабарлады.

Новости партнеров