×

Таразға әйгілі италиялық балуан Франк Чамизо келе жатыр

27 қыркүйекте Таразда еркін күрестен дәстүрлі Wrestling Stars халықаралық турнирі өтеді. Бұл жарысқа әйгілі италиялық балуан Франк Чамизо да қатысады, деп хабарлайды ulyssport.kz

06.09.2024, 14:08
Ашық дереккөз

Еркін күрестегі беделді балуандардың басын қосып, күрес түрлерінің еліміздегі насихатын арттыруға бағытталған Wrestling Stars турнирі осымен үшінші рет өткелі отыр. Бұл жарыс алғашында Ақтөбеде ұйымдастырылса, кейін Астанада өтті. Ал биыл Тараз қаласында болады.

Wrestling Stars додасында еркін күрестен бірнеше салмақ бойынша балуандар чемпиондық белбеуге таласады. Әсіресе, еркін күрестегі ең беделді салмақтардың бірі саналатын 74 кг салмақтағы белдесулер аса тартысты болмақ. Себебі бұл салмақта екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, әлем кубогінің иегері және Рио Олимпиадасының жүлдегері, италиялық Франк Чамизо бақ сынайды. Сонымен бірге Азия чемпионы Санжар Досжанов, Азия және Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының жүлдегері Ильяс Бекболатов (Өзбекстан), 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы Ұлықбек Жолдошбеков (Қырғызстан), ел чемпионы Мейіржан Әшіров сынды балуандар жарыс көркін қыздырады.

Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысатын атақты балуандар тізімі әлі толығады. Бейресми мәлімет бойынша, әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да осы турнирде сынға түсуі мүмкін. Сондай-ақ Рио Олимпиадасының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы Кайл Снайдермен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жарысты ұйымдастырушылар қатарында Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров және Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтар бар. Еске салайық, қазақстандық балуан Едіге Қасымбек еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді.

Новости партнеров