×

Президент паралимпиадашыларды марапаттаған Жарлыққа қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада жүлдегерлерін және бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulyssport.kz.

 

14.09.2024, 12:06
Gov.kz

Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік наградалармен марапатталғанын хабарлады.

“Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен  наградталды. Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды. «Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатталды”, делінген ақпаратта.

Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар екі жаттықтырушы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен наградталды.

Еске сала кетсек, 28 тамыз - 8 қыркүйек аралығында Франция төрінде XVII жазғы Паралимпиада өтті. Байрақты бәсекеге 164 елден 4 400 спортшы қатысып, 22 спорт түрінен сынға түсті. Жарыс барысында 549 медаль жиынтығы ойнатылды.

Қазақстан тарапынан Паралимпиадаға 44 спортшы 33 лицензия жеңіп, спорттың 9 түрінен бақ сынады (пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара каноэ, пара дзюдо, пара жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пара жеңіл атлетика және пара нысана көздеу).

Жарыс нәтижесі бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 «алтын», 3 «күміс» және 4 «қола» медаль жеңіп алды.

Алтын жүлдені еліміздің қоржынына пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев  пен пара дзюдодан Ақмарал Науатбек салды. Күміс жүлдені пара нысана көздеуден Еркін Габбасов, пара дзюдодан  Ерғали Шәмей және пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали иеленді. Қола жүлдені пара дзюдодан Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков және пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қанжығасына байлады.

Жалпы медальдық есепте Қазақстан 39-орынды иеленді. Бірінші орынды 220 медальмен  (оның ішінде 94 алтын медаль)  Қытай құрамасы иеленді. Екінші орынды 124 медальмен, (оның ішінде 49 алтын медаль) Ұлыбритания алды. Үшінші орынды 105 медальмен (оның ішінде 36 алтын медаль) АҚШ құрамасы иеленді.

Париж паралимпиадасында топ жарған қазақ споршылары:

Алтын

Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг);

Ақмарал Науатбек (пара дзюдо);
 

Күміс

Еркін Ғаббасов (пара нысана көздеу);

Нұрдәулет Жұмағали (пара жүзу);

Ерғали Шәмей (пара дзюдо);
 

Қола

Дастан Мұқашбеков (пара жеңіл атлетика);

Даяна Федосова (пара дзюдо);

Зарина Раифова (пара дзюдо);

Жұрқамырза Шүкірбеков (пара дзюдо).

Новости партнеров