26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін Париждегі XXXIIІ Олимпиаданы Қазақстан территориясында көрсету құқығын отандық 5 телеарна иеленді, деп хабарлайды ҚР ҰОК мен Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметтері.
Қазақстандықтар ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly», «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан көре алады.
Олимпиаданы бес телеарнадан 26 комментатор жүргізеді. Олардың арасында Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Лилиана Әлжанова, Ғалым Сүлейменов, Арман Абдрахманов, Жандос Айтбайұлы, Асхат Жақаев, Айдар Махметов, Ербол Қайыров сияқты тәжірибелі мамандар бар.
Париж-2024 XXXIIІ Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 25 спорт түрінен 92 лицензия иеленді. Ел атынан 80 спортшы сынға түседі. Ал сайыстар кестесі қосымша жарияланады.
Олимпиада кезінде Парижден «UlysmediaKZ» спорт журналисті ақпарат таратады.